Алдағы 2 жылда 3 мың дәрігер мен мұғалім үйлі болмақ. Қазақстан ипотекалық компаниясы Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп ортақ меморандумға қол қойды. Құжат «Нұрлы Жер» бағдарламасы арқылы сатып алу құқығымен жалдамалы баспана береді. Үйді 20 жыл жалдап тұруға болады. Әрі ешқандай айыппұлсыз алдын ала сатып алуға мүмкіндік бар. Негізгі шарт - жеткілікті табысыңыз бен соңғы 5 жылда атыңызда үй болмау қажет. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматыда бір бөлмелі үй сатып алу үшін табысыңыз 100 мыңнан кем болмауы тиіс. Ал жалға алу құны 55 мың теңгені құрайды. Бұл нарықтық бағадан төмен. Бағдарламаға бюджеттегі қаражат тартылмайды. 40 млрд теңгені Қазақстан Ипотекалық Компаниясы бөледі. Бүгінде баспана мәселесі медицина саласының 15 мың қызметкері үшін өткір тұр.
Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Тұрғын үй мәселесін шешсек, біздің дәрігер және мейірбикелердің, жалпы медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Бұл тікелей медициналық қызмет сапасын, қолжеттімділігі мәселесін шешуге арналған шаралар.
Әділ МҰХАМЕДЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ИПОТЕКАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫ» ИҰ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Қазақстан ипотекалық компаниясы баспана беру үшін екі министрліктен қызметкерлер тізімін алады. Бағдарлама өте тиімді әрі жеңіл. Кіріс жетпесе, біз кепілгер тарту мүмкіндігін де қарастырдық.
А. Бектас