Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Бюджеттің үнемі өзгеріп кетуі кесірінен «Зенит» зауыты тапсырыссыз

AstanaTV
17.06.2019ж. 20:00
2713
Бюджеттің үнемі өзгеріп кетуі кесірінен «Зенит» зауыты тапсырыссыз

Бюджеттің үнемі өзгеріп кетуі кесірінен мемлекеттік тапсырыс тұрақты болмайды. «Зенит» зауытына қатысты сұрағымызға Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осылай деп жауап берді. Жақында мемлекеттік тапсырыс жоқтығынан зауыттың 100 адамы жұмыссыз қалған. Ведомство былтырғы есебіне сүйеніп, жұмысшылардың 30%-ын зейнеткерлер деп тапқан. Ал басқарма басшысы Жандос Хантөре Қазақстанның теңізге шығу мүмкіндігі аз, сондықтан кеме жасауға да тапсырыс жоқтың қасы, дейді. Салдарынан 700-ден аса адам жұмыс істейтін алып зауыт тапсырыссыз қалып отыр. 

Жандос ХАНТӨРЕ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРЛІГІ ҚОРҒАНЫС-ӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Жылдың соңына дейін бір результаты шығатын шығар. Қысқартылғанның өзінде ол зауыт Орал қаласындағы жалғыз қорғаныс өнеркәсіптік кешені емес. Қысқартылған жұмысшыларды басқа да кәсіпорындарға орналастыру мүмкіндіктерін қараймыз.

Еске салайық, «Зенит» зауыты жақында Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметіне кезекті 30-шы кемесін салтанатты түрде тапсырған еді. Арада ай өтпей жатып, зауыттың тапсырыссыз қалғаны белгілі болды. «Зенит» еліміздің теңіздегі шекарасын күзетер әскери кемелерді құрастырады. Мыңға тарта жұмысшысы бар іргелі зауытты тоқыратпай ұстау үшін мемлекеттік тапсырыс тұрақты болуы керек. Әйтпесе мұндай алып кешенді шағын тапсырыстармен ұстап тұру мүмкін емес. Қалыптасқан жағдайдан жергілікті билік те хабардар. Олар бұл мәселенің бұған дейін де көтерілгенін айтты. 

А. Бектас