Негізгі / Жаңалықтар / Бюджеттің 138 миллиард теңгесі жөн-жосықсыз жұмсалған, - Н.Годунова

Бюджеттің 138 миллиард теңгесі жөн-жосықсыз жұмсалған, - Н.Годунова

Бюджеттің 138 миллиард теңгесі жөн-жосықсыз жұмсалған. Министрліктердің пайдасыз шығындары туралы Парламенттің бірлескен отырысында Наталья Годунова мәлімдеді. Ал басшылар тәртіпсіздік үшін лайықты жазаға тартылмай жүр. Үкімет басшысының қатысуымен өткен жиында байлыққа құмар шенеуніктер де сыналды. Абай Сейфулла жалғастырады.

Бұл жолғы қос палатаның бірлескен отырысына Президент қатысып, аса маңызды мәлімде жасалады деп күткендер көп еді. Дегенмен әдеттегідей министрлерден бастап Үкімет жетекшісі Асқар Мамин келді. Жауапты орган басшылары болды. Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми орган туралы дәстүрлі жолдауында кей заңдардың Ата заңға сәйкестендірілмегенін айтты.

Қайрат МӘМИ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ата заңға сәйкес соттың санкциясынсыз адамды 72 сағаттан аспайтын мерзімде ғана ұстауға болады. Адамның жеке бас бостандығы құқығын шектеу қатынасын реттейтін заңнамалық актілерде осы консттитуциялық ереже түпкілікті іске асырылмаған.

Бюджеттің атқарылуы жөнінде баяндама жасаған Наталья Годунова былтыр 138 миллиард теңге жөнсіз жұмсалғанын айтты. Бірақ сол үшін басшылар емес, қатардағы қызметкерлер жазаланған. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған 224 адамның 20-сы ғана жетекшілер. Сондықтан есеп комитетінің төрайымы ақшаны ұқсата алмайтын шенеуніктерді жауапқа тартатын заңды күшейтуге ұсыныс жасады.

Наталья ГОДУНОВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Бюджеттік бағдарламаның жетекшілерін жазаға тарту керек. Олар әдетте жауапты хатшылар немесе вице-министрлер. Өкінішке қарай бізде олардың жауапкершілігін дұрыс қадағаламайды. Сондықтан біз кодекске қаржылық бұзушылық үшін лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы өзгеріс ұсындық. Олардың жазасы келтірген шығынға қарай белгіленуі керек.

2018 жылы қаржыны оңды игере алмағандардың қатарында ауыл шаруашылығы мен ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бар. Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығына берілген 4,1 млрд теңгенің 70 пайызы жаратылмаған. Ал үкіметтік емес ұйымдарға бөлінуі тиіс 1 млрдтың 200 млн теңгесі ғана тиісті қолға жетіп, 14 жобаның екеуі-ақ іске асқан. Дәурен Абаев қалған 800 млн жабылып қалған «Астана банкінде» болған соң бере алмадық деп түсіндірді.

Дәурен АБАЕВ, АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Мы согласны с критикой, этот вопрос мы держим в особом контроле. Дорожную карту разработали в связи с Банком Астаны...

Депутат Шавкат Өтемісовтің айтуынша, болашағы бар ауылдарды іріктеуде өрескел қателік бар. Мысалы, Павлодар облысындағы 610 тұрғыны бар Андриановка елді мекені жоғары әлеуетті ауыл деп танылған да, 8700 адам өмір сүретін Майқайың кентіне орташа әлеуетті деген баға берілген. Болашағы жоқ деген сылтаумен мыңдаған ауыл енді таза ауыз сусыз қалайын деп отыр.

Шавкат ӨТЕМІСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Өз есебінде Үкімет ауылдардың сумен қамтамасыз етілуін бүгінгі 60 пайыздан 62 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Мынадай қарқынмен еліміздің барлық ауылдарын сапалы сумен қамтамасыз ету үшін әлі 20 жылдай уақыт керек болады.

Ал Ақжол фракциясының жетекшісі Азат Перуашев мемлекет есебінен қымбат көлік тізгіндеп, зәулім үйде шалқып өмір сүретін әкімдерді тағы сынға алды. Оның сөзінше, сыртқы қарыздың көбеюіне пайдасынан шығыны көп шенеуніктер кінәлі.

Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Местные начальники привыкли себе не в чем не отказывать? От огромных квартир, шикарных автомобилей и до роскошной мебели из эбенового дерева. Может, хватит уже? Хотите шиковать - идите в бизнес, зарабатывайте.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Депутаттарды 3 сағат бойы тыңдаған Асқар Мамин ескертпелердің бәрін құп алды. Айтпақшы, өз сөзінде ол отандық автомобильдерді сатып алуға беретін несиені бес есеге арттырамыз деді. Елде көлікке деген сұраныс жоғары, сондықтан нарықты өзімізде шығарылған темір тұлпармен толтырмақ.

А.Сейфулла