Алматыда алаяқтық бабымен айыпталған «Тойото Сити» компаниясының бұрыңғы қызметкерлеріне қатысты үкім өзгертілмеді. Бүгін өткен аппеляциялық сотта судья осындай шешім қабылдады.
Бақытжан ҚАРАМАНОВ, АЛМАТЫ қ. СОТЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Айыпталушылар Мадияр Оразақын мен Болат Кеншібаевқа соттың шешімі өзгертілмейді. Сондай-ақ шартты жазаға кесілгендердің де шешімі өзгеріссіз қалады.
Естеріңізге салсақ, бұл дау былтыр басталған. Жеңілдікпен көлік алып беремін деген аты дардай компания қызметкерлеріне 30-ға жуық адам 300 миллион теңгеге жуық қаражаттарын сеніп тапсырған. Артынша іс насырға шапқан соң жәбірленушілер құзырлы орындарға арызданыпты. Қалалық сот істі қарап биыл 19 маусымда басты фигуранттары саналған Мадияр Оразақынға 6 жыл 8 ай, Болат Кеншібаевқа 5 жарым жылға бас бостандықтарынан айыру жазасын кесті. Тағы осы іске қатысы бар деген күдікпен компания қызметкерлері: Албина Жайлыханова 5 жылға, Валерий Русанов 2 жылға шартты жазаға кесілген. Ал «Тойото Сити» орталығының басшылары болса БАҚ өкілдеріне қандай да бір ақпарат беруге асықпады. Соттың шешіміне келіспеген айыпталушылардың қорғаушысы мен туыстары, істің түбегейлі қайта қаралуын талап етіп жатыр.
Айнұр ӘСЕТҚЫЗЫ, АЙЫПТАЛУШЫ МАДИЯР ОРАЗАҚЫННЫҢ ТУЫСЫ:
Сот барысы әділ жүрген жоқ. Өйткені сотқа қатысты Тойото Ситидің басшылары, ең үлкен директоры оның учредительдері, Мадиярдың басшыларын бұл іске тартқан жоқ. Тек қана бізді Мадиярды жалғыз ұлды Тойото Ситидің барлық жоққа шығарған ақшаларын осы кішкентай ғана 20 жасар баланың мойнына іліп қойды.