$488.45 €529.19 ₽5.04
×

«G20» саммитінің бірінші күні қалай өтті?

AstanaTV
28.06.2019ж. 20:00
2167
«G20» саммитінің бірінші күні қалай өтті?

Аузын айға білеген алып өзара келісімге келе ме? Жапониядағы Сакисима атты кішкентай ғана жасанды аралда «үлкен жиырмалық» жиналып, жаһандық саяси ахуалды талқылап жатыр. 14-ші рет ұйымдастырылып отырған «G20» саммитінің бірінші күні қалай өтті? Үздік экономикалық державалардың көшбасшылары қандай да болсын келісімге келе алды ма? Келесі материалда. 

Осака қаласында бас қосқан «жиырмалық» жетекшілерінің қауіпсіздігін 32 мың сақшы қорып жүр. Өткен-кеткендер тыңғылықты тексеріліп жатыр. Себебі әлем тағдыры шешілер шақта тәртіпсіздікке жол беруге әсте болмайды. Ашылу салтанатындағы фотоға түсу рәсіміне Владимир Путин мен Дональд Трамп бірге келді. Бәрі орын-орнына жайғасардың алдында АҚШ президенті өзінің ресейлік әріптесін арқасынан қақты. Қатысушылар алдын ала белгілеген орындарды өздеріне ыңғайлап, сәл өзгертіп алған. Мәселен, қырғиқабақ болып жүрген Трамп Си Цзиньпиннің жанында тұруы керек еді, бірақ екеуі екі жақтан орын алды. Ал Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Путиннің қасына бармай, АҚШ президентін маңайлады. 

Саммиттің алғашқы күнінде кездесулер көп болды. Қытайдың төрағасы бір емес, бірнеше елдің басшысымен кездесіп үлгерген. Бірақ ең қызығы - Трамп екеуінің жүздесуі. Бәрі араларындағы бір жыл бойы бітіспей тұрған сауда соғысының ақырын күтіп отыр. Си Цзиньпин бұған өз мәлімдемесімен алғашқы қадам жасағандай болды. Ол «экономика өрлеуі үшін сауда-саттық тоқтамауы керек» деді. 

Си ЦЗИНЬПИН, ҚХР ТӨРАҒАСЫ: 

Біз әділ әрі кемсітушілік жоқ нарық құруымыз керек. Технология, ақпарат және мамандар арада еркін алмасып жүруі қажет. Әлемдік өндіріс тізбегі үзілмеуіне жағдай жасаған жөн.

Ал Владимир Путинмен кездескен Тереза Мэйдің қатқыл жүзін қырмызы костюмі де аша алмады. Сірә, «Скрипаль ісінен» кейін бүлінген екі елдің ара-қатынасы әлі жақсара қоймас. Ал Путиннің Трамппен кездесуінен, керісінше, жылылық сезілгендей болды.  

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Мен үшін президент Путинмен жүздесу үлкен мәртебе. Екі ел өкілдерінің талқылайтын мәселелері көп. Оның ішінде сауда байланысы, қарусыздандыру істері де бар. Бұл кездесудің соңы өте жақсы нәтижелерге жеткізеді деп ойлаймын.

Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Трамп мырзамен келісемін. Талқылайтын мәселелер бар. Көптен бері келіссөз жүргізбеген едік. Соңғы рет Хельсинкиде кездескенбіз. Сол кезде талқылана бастаған тақырыптарды бүгін жалғастыруға мүмкіндік алып отырмыз.

Журналистерді қызықтырған сұрақтар да әр түрлі болды. Бірі Трамптан «Алдағы Америка президентін сайлау науқанына Путиннің араласпауын сұрайсыз ба?» деп сауал тастады. Ал Ақ үй басшысы әріптесіне саусағын сұқтап, екі рет: «Сайлауға араласпашы» деді. Бір жарым сағатқа созылған кездесуде олар екі жақты қатынастан бөлек, Иран, Сирия, Венесуэла мен Украинадағы жағдайларды талқылаған. 

Ал басқосуда әзірге ешқандай тосын оқиға болған жоқ.  

Д. Қайыртай