Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Ақтау тұрғыны алматылық полицейлерді сотқа бермек

AstanaTV
28.06.2019ж. 20:00
2027
Ақтау тұрғыны алматылық полицейлерді сотқа бермек

Ақтау тұрғыны алматылық полицейлерді сотқа бермек. Азамат Исмаилов өзінің қылмыстық іске қатысы барын кездейсоқ білген. Тәртіп сақшылары 5 жыл бұрын бейтаныс адамның планшетін ұрлады деп сезіктенген. Ақтаулық тұрғын болса ол кезде Алматыда болмағанын айтады. Шым-шытырық оқиғаның мән-жайын тілшіміз анықтап көрді. 

Азамат Исмаилов өзінің қылмыскерлердің қатарында жүргенін жергілікті учаскелік полицейлерден білген. Жұмысқа тұруды көздеген ол мінездеме алу үшін тәртіп сақшыларына жолығып, 2014 жылы Алматы базарында планшет ұрлағанын естіпті. Өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін жас жігіт тіпті Алматыға барып келген.    

Азамат ИСМАИЛОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Мен Алматыда Қайрат дейтін аудандық ішкі істер бөлімінің басшысымен кездестім. Планшеті ұрланған қыз бен ұрлықшыны ұстаған күзетшімен көзбе-көз кездестік. Олар мені өмірінде бірінші рет көріп тұрғандарын айтты.

Бұл ағаттықтан кейін алматылық полицейлер оны ортақ базадан алып тастауға уәде беріпті. Алайда жас жігіт әлі күнге дейін қылмыскерлердің қатарында жүргеніне таңқалады. Ал полицейлер бұл істе жаңа айғақтардың пайда болғанын айтады. 

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жаңа деректер пайда болған кезде осылай болады. Қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары кейде бірнеше айға созылады. Ал күдіктілер ауысуы мүмкін. Мысалы, тергеудің басында бір күдікті болса, кейін жаңа айғақтар пайда болған соң, тағы күдіктілер қосылады. Бұл процессуалдық норма. Егер әлгі азамат өзінің конституциялық құқығына нұқсан келді деп санаса, онда полицейлердің бұл ісіне шағым түсіре алады.

Жанара ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ БАСҚАРУ КОМИТЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бүгінгі күнге дейін біздің басқармаға қылмыстық қудалау жөнінде ешқандай өтініш хат түскен жоқ. Бүкіл құжаттаманы қабылдайтын «Қадағалау» ақпараттық жүйесіне ақпарат түспеген. Медеу аудандық сотына 2014 жылғы 30-сәуірде қылмыстық іс түскенін, я болмаса түспегенін білу үшін біз оларға сауал жолдадық. Егер түсетін болса, сот әлгі азаматқа қатысты қаулысын шығарады. Кейін соның негізінде біз ортақ ақпараттық жүйеге өзгеріс енгізетін боламыз.

Қылмыстық істің кесірінен ыңғайсыздыққа тап болған Азамат енді алматылық полицейлерді сотқа беруге бекініп отыр. Өйткені күдіктілер тізімінде тұрғандықтан жарты жылдан бері жұмысқа орналаса алмай жүр.     

А. Құрманкин