Негізгі / Жаңалықтар / ШҚО-да 230 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлады

ШҚО-да 230 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлады

Шығыс Қазақстан облысында 230 көп балалы отбасы баспаналы болды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов жаңа пәтер кілті мен тұрғын үй сертификатын табыстады. Бұл - тұрғын үй бағдарламасының бірінші кезеңі. Келесі кезеңде тағы 300-ден астам көп балалы отбасы қоныс тойын тойлайды. 

Мына кең аулалы еңселі үй Тоқтарбаевтардың отбасына тиесілі. Көп балалы ана Айнұр бау-бақшасын, жазғы ас үйі мен моншасын қуана көрсетіп жүр. Бұған дейін мұндай барлық жағдайы жасалған баспананы оның төрт баласы армандап қана қоятын. Отбасы бірнеше жыл жалдамалы үйде тұрып келді. Енді олар сиыр, тауық пен қоян асырауды жоспарлап жүр.

Айнұр ТОҚТАРБАЕВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА: 

Үкімет тарапына үлкен-үлкен рақметімізді айқымыз келеді осы үйді көмектесіп, алып беріп жатқаны үшін. Төрт баламызбен келіп, осы үйді таңдап алдық. Жазғы асханасы, бәрі бар. Бақша салып үлгердік.

Баспананы арнайы комиссия бөледі. Оның құрамында депутаттардан өзге әкімдік қызметкерлері және көп балалы ата-аналар бар. Баспананы таңдаған кезде бала саны ескерілді. Аймақта баспана алу үшін 500 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қаражат бюджеттен бөлінген жоқ,- дейді шенділер.  

Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Көпшілігі арнайы комиссиядағы өзіміздің көп балалы аналар. Ал ақырғы мәселе аудандық орталық. Онда біз орташа шешім аламыз. Мүмкіншілік болса, сондай отбасыға несие береміз. Ал егер мүмкіншілік болмаса, онда арнайы комиссиямен қарап, дәл осындай пәтерді сыйлап беруіміз мүмкін.

Бағдарламаның бірінші кезеңінде 230 көп балалы отбасы баспаналы болды. Жақын уақытта тағы 300 жанұя қоныс тойын тойламақ. Сонымен қатар жергілікті билік жылу беру маусымында көп балалы отбасыларды көмірмен қамтамасыз етеміз деп отыр. Айта кетейік, баспана «Бақытты отбасы» ипотекалық несиелеу мемлекеттік бағдарламасы аясында беріліп жатыр. Оның операторы - "Тұрғын үй құрлыс жинақ банкі". Отбасылар 1 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификатын алады. Несие жылына 2 пайызбен, 10 млн теңгеге дейін 20 жылға беріледі.  

Б. Нәдірқызы