Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағандыда 150 жұмысшы жарты жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр.

AstanaTV
24.07.2019ж. 20:00
3151
Қарағандыда 150 жұмысшы жарты жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр.

Қарағанды облысында 150 ге тарта жұмысшы жарты жылдан бері жалақыларын ала алмай отыр. Алматылық « №25- інші көпір құрылысы отряды» серіктестігі оларға 6 айдан бері айлық төлемеген. Сонау оңтүстіктен келіп бірнеше жыл бойы айрық жолдар мен көпірлер салып жатқан ер азаматтар бүгін табан ет, маңдай терлерімен тапқан ақшаларын даулап ереуілге шықты. Олар жалақыларын алмайынша жұмысқа шықпаймыз,- деп отыр. Айлықты кешіктіруді әдетке айналдырған құрылыс компаниясы болса, сол баяғы « құрғақ» уәдемен шектелді.

Бұл жұмысшылар жарты жыл бойы жалақы алмаған. Алматылық « №25- інші көпір құрылысы отряды» серіктестігі «әне, міне», деп сылтауратып жұмысшыларының айлығын 6 айдан бері төлемей келеді. Бірақ бүгінге дейін жұмыс тоқтамаған. 150 - ден астам адам иен даладағы темір дүңгіршектерде айлап жатып Қарағанды облысында үлкен темір жол көпірі мен бірнеше жолды салған. Қазір Алматыға апаратын көлік жол айрығының құрылысында жүр. Күнінде 12 сағат жұмыс істейді. Сонау Түркістан, Жамбыл, Талдықорған, Шымкент қалаларынан нәпақа іздеп келген жұрт қиын жағдайға төзгенмен отбастарына қаржы жібере алмай қиналғандарын айтады.  

Айымқұл ОСПАН, ЖҰМЫСШЫ:

Кредитке ақша керек, тамаққа ақша керек. Бала- шағамыз ертең сабаққа барады, оған ақша керек. Кредитіміз сотқа береміз деп жатыр, оған керек. 6 айдан бері айлық алғамыз жоқ. Болады, болады, - дейді. Бірақ берілмейді.

Наразы жұрттың айтуынша, Алматылық « №25-інші көпір құрылысы отряды» серіктестігі жылдар бойы жұмысшылар құқын таптап келген. Жалақыны ұдайы кешіктіретінін былай қойғанда, көп мөлшерде жарналар ұстай тұра зейнетақы қорына тиісті соманы аудармапты. 

Қанат БАЙМҰРАТОВ, ЖҰМЫСШЫ: 

Суммасы 184 мың теңге, одан біздің қолымызға тиетіні 80 мың теңге. Оның өзінде 3 рет бөліп береді, бұның ұстайтын пенсионный фонды қайда деген сұрақты қозғағым келіп тұр.

Төзімі таусылған жұмысшылар құрылыс компаниясының басшылығынан қарапайым еңбекшілерге деген көзқарасын өзгертуді талап етті. Табан ет, маңдай терлерімен тапқан ақшаларын қайтарып, өз жалақыларына сатып ішетін ас мәзірін жақсартуды сұрайды.

Нұрлыбек ІЛИЯСОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Тамақтан балдардың іштері өтіп жатыр. Қара су кәдімгідей, гречка, макарон. Мысалы, жұмысымыз ауыр біздің. Мынау біздің салып жатқан палкымыз, біреуі 33 метр. Бұлардың бәрін қолмен құямыз. Бізге каждый месяц осынша балка құйыңдар дейді, құямыз біз ол балкыны. Бізге айылық бермей вобще жұмысқа шықпаймыз. Өйткені уже 6 ай болды айлық ап атқан жоқпыз, үйде семьямыз бар, бала-шаға бар. Оларға да ертең киім керек.

Компания директоры бізге берген сұқбатында жалақы дауы барын жасырмады. Айтуынша, учаске бастықтарының жауапсыздығынан кей жұмыскерлерге жалақы төленбей қалған.

Тимур НАКУСОВ, «А.РЯЗАНОВ АТЫНДАҒЫ №25 КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ ОТРЯДЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ :

Біздің жұмысшылар вахтамен жұмыс істейді. Қыста жалақыны жартылай төледік. Бүгінде кәсіпорынның қыс айларындағы қарызы 5 млн теңге. Ол жетекшілердің салғырттығынан болды, кей жұмысшыларды тізімге қоспай қойған. сондықтан учаске бастықтарымен құрылыс топтарының жетекшілерін ауыстырдым.

Әбден ауыздары күйген жұмысшылар «Нұр Отан» партиясынан көмек сұрап, арыз жазды. « №25- інші көпір құрылысы отряды» серіктестігі бізге олардың жалақысын тамыздың аяғына дейін толық төлейміз, - деп уәде берді.

А. Қуаш