Негізгі / Жаңалықтар / Павлодар облысында 14 жүкті әйел АИТВ жұқтырған

Павлодар облысында 14 жүкті әйел АИТВ жұқтырған

Павлодар облысында 14 жүкті әйел ВИЧ жұқтырған. Мамандар олардың дені сау ұрпақты өмірге әкелуі үшін күресіп жатыр. Өйткені адамның иммун тапшылығы вирусы іштегі сәбиге жұғуы мүмкін. Өзгеріс Қуанар тарқатады.

Айгүл Күдербаева өмірге екінші сәбиін әкелді. Баласын бауырына алған жас ананың қуанышыныда шек жоқ. Тұңғышы ұл болғандықтан, қыз баланы көптен бері күткенін айтады. Денсаулығы жақсарса жақында жалпы палатаға шықпақ. 

Айгүл КҮДЕРБАЕВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен өте бақыттымын. Баламның салмағы бойы бәрі жақсы. Атын Айару деп әжесі қойды. Әкесі қызын көруге асық. Өйткені, ол ханшайымын көптен күткен болатын. 

Бүгінде Айгүл секілді өмірге дені сау сәби әкелуді күткен аналар көп. Өкінішке қарай Павлодарда 1998 жылдан бері АИТВ жұқпасы бар 749 жүктілік тіркелген. Оның тең жартысы өмірге сәби әкеліпті. Алайда, вирустың анадан балаға жұғу көрсеткіші өте жоғары. Мамандар алаңдаулы. 

Ирина ЛЕВИНА, ПАВЛОДАР ЖИТС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕР:

Дені сау баланы өмірге әкелу үшін алдымен вирусқа қарсы препараттарды қолдану керек. Біз одан кейін оның босануға болатынын болмайтынын анықтаймыз. Бұл уақытта әйелдің денсаулық жағдайын бақылап, қандағы вирусты тексереміз. Осыдан кейін ғана балаға еш зиян келмейтін болса, оның табиғи жолмен босануына рұқсат береміз.

Қазір өңірде дертті жұқтырған 14 жүкті әйел есепке алынған. Олармен ЖИТС орталығының мамандары жұмыс жүргізіп жатыр. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, дерттің алдын алған жағдайда ғана аналардың 40-50 пайызы өмірге дені сау бала әкеледі.  

Әлия МҰҚЫШЕВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бізде АИТВ инфекциясымен бала өмірге келсе, бірден ЖИТС орталығына жібереміз. Онда спидолог дәрігерлер баланы 18 айлығына дейін бақылау жүргізеді. Денсаулығы жақсарса, есептен шығарылады. 

2003 жылдан бері өңірде аурудың балаға жұғу көрсеткішін төмендету бойынша шаралар қабылданған. Осыған сәйкес, жүктілік кезінде және ана босанғаннан кейін де тұрақты бақылауға алынып, ем-дом тегін беріледі. Сондықтан мамандар, мұндай қауіпті жүктілік кезінде бірден дәрігердің бақылауында болу керектігін ескертеді. 

Ө. Қуанар