$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Автобус апатынан он адам ауруханаға түсіп, бір адам көз жұмды

AstanaTV
16.09.2019ж. 20:00
2222
Автобус апатынан он адам ауруханаға түсіп, бір адам көз жұмды

Автобустың қатысуымен тағы бір жол апаты тіркелді. Бір адам ажал құшып, он жолаушы ауруханаға түскен. Шымкентте болған жол апатына кім кінәлі? Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты. 

Шымкенттегі Назарбаев даңғылы мен Сейдолла Бәйтереков көшесінің қиылындағы жол-көлік апаты таңғы жетіден жеті минут өткенде болды. Бейнебақылау камерасындағы жазбаны полиция департаменті ұсынды. Жазбада автобустың бағдаршамның қызыл түсіне өтіп бара жатқаны анық көрінеді. Осы сәтте көлбеу жатқан көшеден «Тойота-камри» көлігі жүйткіп келе жатқан. 40-шы бағытағы автобуста бұл сәтте жолаушылар болған. 

Әсел СӘДЕНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Жол-көлік оқиғасы салдарынан автобустың бір жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты. Аталған жәйт бойынша ҚР ҚК 345 бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Бұдан бөлек, он адам ауруханаға жеткізілді. Оның екеуі кәмелет жасына толмаған мектеп оқушысы. Дәрігерлер олардың бірінің бұғанасы сынған. Дегенмен жағдайлары бірқалыпты деп отыр. Тағы бес адам медициналық көмектен соң үйлеріне жіберілген. Ал аяғы ауыр келіншек жансақтау бөлімінде жатыр.   

Өткіржан МОЛДАХАНОВ, ШЫМКЕНТ қ. № 1 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Реанимация бөлімшесінде жатқан науқас жағдайы бас ми шайқалуы, бас ми жарақаты, қолының травмалық әсерден үш саусағының сол кездегі ампутация болуы және ол кісі бізде жүкті әйел болғандықтан реанимация бөлімшесінде бақылауда. Ал қалғаны нейрохирургиялық орталықта ол кісіде тек қана бас жарақаты. Дневной стационарда жатқан кісі де бас жарақатымен жатыр.

Бізге белгілі болғанындай жол апатына ұшыраған жеңіл автокөлік Түркістан облысының сотына тиісілі. Апат кезінде автокөлік ішінде жүргізушіден бөлек соттар әкімшісі басшысының орынбасары да болғанын баспасөз қызметі растады. Қазір жеңіл көлік жүргізушісі ауруханада, дәрігерлер оның жағдайы орташа ауырлықта екенін жеткізді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Алдын ала ақпараттарға сүйенсек апаттан көз жұмған әйел адам автобустың кондукторы. Алайда жолаушы тасымалымен айналысатын компанияның ресми өкілінен мән-жайды анықтау мүмкін болмады. Басшылық орнында жоқ. Ал автопарктегі қызметшілердің бірінен білуімізше автобус жүргізушісі мен марқұм келіншек екі ай бұрын ғана үйленген көрінеді.

А. Төребекқызы