Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Нұр-Сұлтанда жан бағып жүрген көп балалы ана көмекке мұқтаж

Нұр-Сұлтанда жан бағып жүрген көп балалы ана көмекке мұқтаж

Нұр-Сұлтанда жан бағып жүрген көп балалы ана көмекке мұқтаж. Айлығы шайлығына жетпейтін жалғыз басты Рахия Нұрлыбаева арнамызға хабарласып жәрдем сұрады. 38 жастағы ана тұрмыс тауқыметінен шығатын жол сұрайды. Жақсылықтан үмітін үзбейтін ол жомарт жандардың барына сенеді. 

- Сөздің шыны керек. Міне, условия жоқ.

Рахия Нұрлыбаеваның төрт баласымен, мына аядан бөлмеде тұрып жатқанына екі жыл болды. Шымкенттен көшіп келген. Қазір еден жуып нәпаққа табады. Оның өзі күнкөріске жетпейді деп отыр. Баласының алды 14-те, кенжесі 3 жаста. Ел қатарлы атаулы әлеуметтік көмекте алмайды.      

Рахия НҰРЛЫБАЕВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:  

Айлық жетпейді. Өзім зарплата аламын 60 мың теңге. 30 мың садикке, 30 мың квартираға. Ар жағында 10 мың теңге пособия. Сол жетпейді, ешқандай жетпейді. Шаршап кеттім уже. Үш рет акиматқа барғам. Мына балаларымды да ертіп апарғам. Ешқандай көмек берген жоқ

Рахия Нұрлыбаева 2017 жылы ажырасып кеткен. Сотқа алимент өндіру туралы арыз бергенімен нәтиже жоқ. Құзырлы органдар балаларының әкесіне іздеу жариялапты. Бірақ ешқандай хабар ала алмай отыр. Заңгерлер «безбүйрек әке» үшін, мұның жауапкершілігі ауыр болатынын ескертеді.     

Абзал БЕКБОСЫНОВ, ЗАҢГЕР: 

Әкімшілік жауапкершілікке тартқанда ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 669 бабына сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіштен 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Әдейі, қасақана төлемей жүрсе алиментін, ҚР Қылмыстық кодексі 139 бабына сәйкес оны 3 жылға дейін бас бостандығынан айырады.

Байқоңыр ауданы әкімдігі 38 жастағы ананың тағдырынан хабарсыз. Жұмыспен қамту мамандары, баспана алу үшін кезекке тұру шарт екенін айтты. Ол үшін бірқатар құжаттар өткізу қажет дейді.  

Жансая ОРАЛБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:   

Көп балалы отбасылар кезекке тұру үшін құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығана тапсыру керек. Ол өтініш, жеке куәліктің көшірмелері, соңғы 12 айдың ішіндегі жиынтық айлық табысы. Нұр-Сұлтан қаласында 3 жыл тұрақты мекен-жайы болуы керек.

Дегенмен, жалғызбасты ананың басты тілегі балаларының амандығы.Күн суытқалы қуықтай баспанасын электр пешімен жылытып отырған ана, ашық-шашық жатқан сымдардан да қауіптенеді. Ал, алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Отын түсіріп, жылы үйде отбасымен өмір сүруді армандайды. Ал оған жалғыз ананың болмашы табысы мүмкіндік берер емес.  

Ж. Арғынова