Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Петропавл тұрғыны иттін қыдыртам деп басы дауға қалды

Петропавл тұрғыны иттін қыдыртам деп басы дауға қалды

Қызылжарда қала тұрғыны итін қыдыртам деп басы дауға қалды. Ескертуді көтере алмаған ол көршісіне пышақ сермеген. Полиция қызуқанды тұрғында ұстау үшін арнайы операция өткізді. Оқиға орнына төтенше жағдай қызметкерлері мен арнайы жасақ өкілдері де шақыртылған.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жұрттың дегбірін қашырған оқиға қарапайым текетірестен басталған. Итін көшеге қыдыртып шыққан азамат, үй жануарына не қарғыбау, не тұмылдырық кигізбеген. Мұны байқаған көршісі ескерту жасапты. Ескертуді көтере алмаса керек, ол көршісінің арқасына пышақ салып алған.

Қаны қызу 39 жастағы тұрғынды ұстау үшін кәдімгі операция қолға алынды. Есігін ашпаған тұрғынның пәтерін арнайы жасақ мамандары терезе арқылы кірмек болған. Алайда, иттің иесі тәртіп сақшыларына оңай берілмейтінін көрсетіп бақты. Ол пышақпен өз қолын өзі тілгілеген. Оны құрықтау операциясы бір сағатқа созылды.

Тұрғындар басы дауға қалған бұл көршінің қыңыр мінезіне талай шағымданыпты. Бірақ нәтиже көрмеген.

Анастасия ГАЙЧУК, ТҰРҒЫНЫ:

Біз бір кіреберісте тұрдық. Ол адамға сөз өтпейді. Қанша ескерту жасасақ да, жұрттың өтінішіне құлақ аспайтын. Дәл қасында тұрған әжей шыдамай, басқа жаққа көшіп кетті. Жалпы, иті жаман емес. Бірақ пәледен аулақ болу үшін ондай иттің тұмсығын байлау керек.

«Тайсон» лақапатты ит қазір кинологиялық орталыққа орналастырылған. Стаффордширлық терьер тұқымды үй жануарының тәртіпке бағынғанын айтады.

Самат ТӨЛЕБАЕВ, КИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ит осында келгеннен бастап ешкімге атылған жоқ. Тәртіпті көрінеді. Адамның отыр, тұр деген бұйрықтарын орындайды. Онымен танысуға бірнеше күн кетеді. Бізге әбден үйренгесін денесін тексере бастаймыз.

Итті бірнеше жылдан бері танитын көршілер кешеден бері кинологиялық орталыққа хабарласып, оны асырап алуға ниетті екендерін жеткізген. Дегенмен оның ендігі тағдырын да, қожайынының қалай жазаланатынын да сот шешетін болады. Айта кету керек, жанжалқой көршіден жапа шеккен азамат бірден дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Ақ халаттылар медициналық көмектен соң бүгін үйіне жіберген.

А. Құрманкин