Еуразиялық экономикалық одақ елдері еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы бүгін Ереванда Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына айтылды. Әлемдік сарапшылар осы жолғы жиынның тарихи оқиға болғанын атап өтті. Уағдаластықтың арқасында 600 млн-ға жуық халқы бар Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының қақпасы бестік бірлестік үшін айқара ашылмақ. Сондай-ақ, келіссөздер нәтижесінде 2025 жылға қарай Алматыда сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы және көлік-логистика салаларын реттейтін ортақ Қаржы органы құрылмақ. Кеңес барысында мемлекет басшысы Сингапурдың Премьер-Министрі Ли Сянь Лун, Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян және Иран Президенті Хасан Руханимен жеке кездесулер өткізді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
Иран біздің тату көршіміз, біздің серіктесіміз. Біздің арамызда ынтымақтастық қарым-қатынас өте жақсы. Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев бұл салада үлкен-үлкен жұмыс істеді, тіпті жол ашып берді деп айтуға болады. Енді менің мақсатым - осы қарым-қатынасқа қосымша серпін беру деп білемін.
Шараға Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Армения елдерінің басшылары жиналды. Ал, Иран, Молдова және Сингапур бақылаушы-мемлекет ретінде шақыртылды. Кеңеске келген тараптар әуелі бейресми келіссөздер өткізіп, кейін мемлекет басшылары селфи жасады. Оны Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында жариялады.