Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Оралда «келімсек» көліктерден зардап шеккендер көбейіп барады

AstanaTV
11.10.2019ж. 20:00
2626
Оралда «келімсек» көліктерден зардап шеккендер көбейіп барады

Оралда «келімсек» көліктерден зардап шеккендер көбейіп барады. Өйткені басқа елден арзанға сатып алған темір тұлпарымен тәртіп бұзғандар күн санап артып отыр. Ең сорақысы - жол апатын жасаса да, жауапкершіліктен жалтарған. Жағдайдың ушыққанын полиция да мойындайды. Жыл басынан бері Ресей, Армения, Белорус және Қырғыз елінен әкелінген көліктердің қатысуымен, бір ғана Оралда мыңға тарта жол апаты болған.

Ақболаттың полицияға өкпесі қара қазандай. Айтуынша, 20 күн бұрын інісі апатқа түскен. Бірақ қаққан ресейлік көлік оқиға орнынан қашып кетіпті. Жігіт ағасы қашқынды фотоға түсіріп, полицияға хабар бергенмен кінәлі әлі ұсталмаған. Үмітін үзген Ақболат, жол ережесіне бағынбаған көлікті ақыры базардан тауып алады.

Ақболат МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТҰРҒЫН:

Бұл көлікті бөлшектеп сатып жатқан жігітке жолықтым. Оның айтуынша, бұл көлікті әкеп тапсырғандар әйел азаматша болғандығын ол растап отыр. Бірақ «менде ол адамның телефоны жоқ»,- деп, бұл көлікті тапсырған азаматша туралы қандай да бір ақпарат айтудан бас тартып отыр. Негізі көлікті қабылдап алғанда да, көлікті тапсырғанда да ең соңғы кімнің тізгінінде болды. Сол негізі тіркелуі керек қой.


Ақболат кінәлі көлікті тапқанын полицияға хабарлапты. Бірақ сақшылар асығар емес. Осыны уайымдаған жігіт ағасы енді аз уақыттан кейін бұл көліктің бөлшектеліп, сау-тамтығы қалмайтынын айтады

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Апатқа түскен жарамсыз көлік атаулының бәрі осы базарға тапсырылады. Мұндағы жігіттер кәдеге жарайтын бөлшектердің бәрін бұзып алып, кері саудалайды. Дөңгелек дейсіз бе, бампер дейсіз бе, бәрі бар. Әрі бағасы да базар нарқынан әлдеқайда арзан.

Полиция дерегінше, биыл Оралда 143 мың автокөлік тіркелген. Ал шетелден әкелінгендерінің есебі жоқ - өйткені олар тіркеуге алынбайды. Еш жерде дерегі жоқ техниканы іздеп-табу да оңай емес.

Нұрбол МЕҢДІХАНОВ, ОРАЛ қ. ПД БӨЛІМШЕ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мұндай шетел автокөліктерінің жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткеннен кейін шекарамызға сұраныс жолдаймыз. Қай жылы, қай уақытта кім басқарып келгені жөнінде. Содан ол кісілерді іздеп, тауып жауап аламыз. Содан ол кісілердің айтулары сатып жібердім дейді. Бір-біріне ол автокөліктерді сенімхатпен емес, сақтандыру полистері арқылы сатады. Ал сақтандыру полисі біздің ішкі істер органдарында есепте жоқ.

Полиция сайда саны, құмда ізі жоқ көліктерді іздеп, рейд те ұйымдастырады. Бірақ ол да нәтиже бермей отыр. Биыл өңірде мыңға тарта шетелдік көлік жол апатын жасаған. Соның ішінде жүз жүргізуші жауапкершіліктен жалтарып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Е. Карин