Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Астанада жедел жәрдем станциясының 118 жүргізушісі наразылыққа шықты

AstanaTV
20.04.2016ж. 20:00
1995
Астанада жедел жәрдем станциясының 118 жүргізушісі наразылыққа шықты

Астанадағы жедел жәрдем станциясынан шыққан қызметтік дауды арнайы комиссия тексеретін болды. Денсаулық сақтау департаменті ішкі анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Еске салсақ, жедел жәрдем қызметінің жүргізушілері наразылыққа шыққан еді. 20-ға жуық адам қыспақ көргенін ашық айтуды ұйғарған. Сөздеріне қарағанда, 4 ай бұрын бас дәрігер болып тағайындалған азамат еңбек талаптарын заңсыз қатайтыпты.

Жүргізушілер жедел қызметте ішкі жағдайдың қиындығын айтып зар илейді. Жұмыс талабы мейлінше күшейтілген. Бұзылған көлікке бөлшек алу да жүргізушінің мойнына артылған көрінеді. Әбден ашынған жұмысшылар өз шағымын әлеуметтік желіге де салыпты.

Қаңтар айында басшылық ауысқан. Жаңадан бас дәрігер, жаңадан техника жөнінде орынбасар келді. Ол біздің гараждың үстінен қарайтын адам. Міне, сол 3 айдың ішінде, міне 4 ай болды, бір жиын өткізілмеді. Таныстырылып. Ал жүргізушілер қиыналып жүр. Сайман жоқ. Жыл басы ақша жоқ дейді. Сайман сатып алып жатырмыз.

Техника жөніндегі орынбасар техника жайында ештеңе білмейді. Мамандығы техник емес. Көліктің бір жері бұзылып, бүлініп қалса, бірден түсініктеме жазғызып алады. Оны жөндей беруге ақшамыз да жоқ.

Қазір жүргізушілер әрбір алынған тауардың түбіртегін жинап жүр. Ең болмағанда, есеп бөлімі соның шығынын қайтарып берсе дейді. Жиналғандарды қатты алаңдататын тағы бір мәселе - көлік ішіндегі тазалықтың жоқтығы. Оны жууға да жүргізушілер міндеттелген. 75 көлік пен 326 жүргізушісі бар станцияда бір ғана көлік жуатын орын бар екен.

Тазалыққа қазір уақыт жоқ. Уақыт жоқ. Анандай бір трансбой, сонымен сыртын сыртын шайып, ішін сүрте салады, болды.

118 адамның қолы қойылған арыз басшылыққа және бірнеше жауапты орындарға жолданды. Бірақ мұның соңы тағы да жүргізушілердің қыспаққа алынуына ұласуым мүмкін. Жоспардан тыс жиынның өтіп жатқанын бас дәрігер біледі. Мән-жайға қатысты оның өз уәжі бар.

Сапарбек Дүйсенов, Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері:

Біз әрбір қызметкерге индикатор жүйесін енгізгенбіз. Қалай жұмыс істесе, солай жалақы алады деген. Мына арызды жазып жүргендер осы жүйеге көнгісі келмейтіндер. Сосын шағымды 118 адам емес, 13 адам ғана жазған. Өзгесі қол қоймадық дейді. Қазір ол жағын тексеріп жатырмыз.

Жүргізушілер шағымын енді арнайы құрылған комиссия тексермек. "Астана" арнасы бұл мәселеге орай қалалық Денсаулық сақтау департаментіне ресми сұраухат жолдаған. Оған жауап ретінде ведомство өкілдері ішкі тексерістің басталғанын мәлімдеді.

Құралай ПИОНЕР