Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Отбасылық жанжалдан 1 жарым жасар бала қаза тапты

AstanaTV
25.10.2019ж. 20:00
4788
Отбасылық жанжалдан 1 жарым жасар бала қаза тапты

Алматыдағы бес жұлдызды қонақ үйде ер адам өзінің бір жарым жасар қызын өлтірді деген күдікке ілікті. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген бүлдіршіннің өміріне дәрігерлер де араша бола алмады. Сұмдық оқиғаға отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін. Әсем Лесбек жантүршігерлік жағдай жайлы анықтап көрді.

Жантүршігерлік оқиға кеше таңғы сағат 7 шамасында қаладағы мына «Интерконтиненталь» қонақ үйінде болған. Бес жұлдызды мекемеде ерлі-зайыптылар бір жарым жасар қызымен бірге болыпты. Мекеме қызметкерлері бұл отбасы туралы қандай да бір ақпарат бермеді. 


Әлия ДАУЛЕТОВА, «INTERCONTINENTAL ALMATY» ҚОНАҚ ҮЙІНІҢ САТУ ЖӘНЕ МАРКЕТИНГ ДИРЕКТОРЫ:



Біз ол отбасы туралы қандай да бір ақпарат бере алмаймыз. Сол күні қонақ үйдің бөлмесінде отбасылық жанжал болғанын білеміз. Кейін анасы шырқырап фойеге жүгіріп келіп, бізден көмек сұрады. Аяусыз соққы көрген қызға алғашқы медициналық көмек көрсете бастадық. Кейін жедел жәрдем шақырып, баланы қалалық балалар ауруханасына алып кеткен.

Басынан соққы алып, есінен айырылған бүлдіршінге алғашқы медициналық қызмет көрсетіліп, жүрегі соға бастаған. Бірақ кейін жағдайы нашарлап, көз жұмады. Сұмдық жағдайға қатысты қалалық денсаулық сақтау бөлімі тілшілерге қандай да бір ақпарат бере алмады. Тек баланың ауруханаға тым ауыр халде түскенін, бас-миының қатты жараланғанын айтты. Ал өз қызын есінен танғанша ұрған әкенің үстінен қазір қылмыстық іс қоғзалды.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:



Аталмыш жантүршігерлік қылмыс Бостандық ауданына қарасты қонақүйлердің бірінде орын алды. Кішкентай бір жарым жастағы бала өз әкесінің қолынан зардап шекті. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып ҚК-тің 99-бабы бойынша тіркеліп алдын-ала тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сезікті азамат қамауға алынды ол уақытша оқшалау абақтысында қазір.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:



Осылайша қалалық полиция департаменті аталмыш іске қатысты адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Егер күдіктінің кінәлі екендігі анықталса, сот оны 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Ә. Лесбек