Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шымкенттегі Мәртөбе тұрғын алабының тұрғындары жергілікті кәсіпкердің әрекетіне наразы

AstanaTV
13.10.2017ж. 20:00
3257
Шымкенттегі Мәртөбе тұрғын алабының тұрғындары жергілікті кәсіпкердің әрекетіне наразы

Шымкенттегі Мәртөбе тұрғын алабындағы халық шу шығарды. Айтуларынша, көкөністерді консервілейтін зауыт қалдық суды арыққа ағызып жатыр. Тұрғындар таза ауамен демалудан қалдық деп отыр. Бірақ кәсіпорын қожайыны барлығы заңды дейді. Тараптардың пікірін тыңдап қайтқан әріптесім Айзада Төребекқызы мәселені тарқатып айтады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Мәртөбе тұрғындарының наразы болып отырғаны жергілікті кәсіпкердің әрекеті. Осындағы конверві зауытының қожайыны елдің ескертуін елер емес деп ашынады халық.  Салдарынан ауылдағы арықтың суын тұтыну былай тұрсын, егін егуден де қалдық деп отыр.

Гүлмира Шахидинова көшіп келген он жылдан бері бұл арықта балалары жаз бойы шомылып, өзі бау-бақша суарып келіпті. Алайда, соңғы үш жылда консерві зауытының қалдықтары ағызылатындықтан көкөніс жемек тұрмақ, тыныс алудың өзі қиындап кетті деп отыр.

Гүлмира Шахидинова  Мәртөбе тұрғын алабының тұрғыны:

Бүкіл қалдығын осы арық арқылы өтізеді. Ана жерге сеткаға барып тіреледі ол. Бәдіреңі бар, помидоры бар, бүкіл заты осы жерден өтеді. Анау сеткаға барып бітелгеннен кейін  мына су қайда барады, огородқа қарап тасиды ол су. Мен екі-үш жылдан бері мына жерден бір өнім алып жеп отырған жоқпын. Кешке қарай бұл жерде  тұруға невозможно. Жаман сасық иіс мүңкиді. 

Тұрғындар әсіресе, қолқаны қабатын иіс жас балалардың денсаулығына зиян келеді ме деп қауіп қылады. Өйткені сасық иістен аулаға шығуды айтпағанда, терезе ашудың өзі мұң көрінеді.  Ауыл азаматтары бұл жағдайды кәсіпкерге ескерткен. Ол арықты тазалағанымен қалдықтарды тастауын доғармады дейді тұрғындар. 

Оразалы Кенжебеков, Мәртөбе тұрғын алабының биі:

Бұл суды осындағы Қабанбай, Достық , Жібек жолы секілді бірнеше ауыл халқы  тұтынады. Мұны саған талай айтқанбыз. Сен болсаң қоқысханаға айналдырып жібердің. Бүкіл қалдықты осы суға төгесіңдер. Уксус мүңкіп жатады. Сенбесең зертханалық тексеру қорытындысын ертең-ақ әкеп көресейін саған. Мойындасаңшы, қанша жыл болды ескертіп жүргенімізге сендерге.

Ал кәсіпкердің өзі бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, су ластанып жатқан жоқ.

Нұриддин Айдынов,  кәсіпкер:

Санэпидстанция бізге 15 жылға рұқсат берген. Сондықтан біз арыққа жібереміз. Ыдыс пен көкөніс жуған сулар әне ағызылып жатыр. Сараптама нәтижесінде біздің қалдық су арыққа жіберуге болады деген қорытындысы бар. Барлығы заңды.

Мәртөбеліктердің шағымына сәйкес мән-жайға қоғам денсаулығын сақтау басқармасының өкілдері де қанықты. Олар барлығы тек сараптама қорытындысынан соң белгілі болатынын айтып отыр.

Мәлік Балтабаев, Қаратау аудандық қоғамдық  денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы:

Бұның лас, таза екенін біз оны Ұлттық сараптама орталығы деген бізде басқа департаментіміз бар. Сол жерге апарып,  судың құрамын зерттемей, біз оны айта алмаймыз. Бізде бұл судан алып ,химиялық-микробиологиялық зерттеуге алып  суын апарып өткізу керек.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Жұртшылықтан түскен арыздан соң басқарма өкілдері консерві зауытына тексеру жұмыстарын жүргізетін болады. Зауыттан арыққа тасталып жатқан қоқыс заңсыз болған жағдайда айыппұл салынып, іс сотқа дейін жетуі бек мүмкін.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ