$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елде су шаруашылығына жауапты мемлекеттік орган ашу қажет, - Д. Назарбаева

AstanaTV
27.11.2019ж. 20:00
2072
Елде су шаруашылығына жауапты мемлекеттік орган ашу қажет, - Д. Назарбаева

Елде су шаруашылығына жауапты мемлекеттік орган ашу қажет. Сенат төрайымы Дариға Назарбаева кезекті Сенат отырысында осындай ұсыныс айтты. Жаңа мекеме су ресурстарының қауіпсіздігіне жауап беруі тиіс. Су шарушалығына бағытталған отырыста көтерілген мәселелерді Айя Мүтәлі тарқатады.

Қазақстан шекарадағы өзен-суды бөлісе алмай келеді. Сенат депутаттары аспан асты елі арқылы Ертіс пен Іле өзеніне қарай құятын судың ағыны едәуір азайғанына алаңдаулы. Ондағы халық сананың көбеюінен су тұтыну көлемі де артқан. Ал ол Қазақстандағы су тапшылығын ғана емес, экологиялық қатерге де әкелуі мүмкін. Қытай Дүниежүзілік конвенцияға мүше емес. Сондықтан келіссөз жүргізу мүмкін болмай отырған көрінеді.    

Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ, ҚР СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:

Бұл жағдай, әсіресе, Балқаш көлінің су деңгейіне және ел индустриясының негізін құрайтын Ертістің ірі өнеркәсіптік объектілеріне қауіп төндіреді. Бұл даудың созылып кеткені мәселенің түпкі тамырын білмейтін біздің комиссия мүшелерінің жиі ауысуына байланысты болып отыр. Осыған байланысты, қазақстандық комиссияға ерекше мәртебе беру қажет. Оның әрбір мүшесі жоғары саяси деңгейде келіссөз жасай алуы керек.

Ал елдегі су тоғандарындағы мәселе де өткір. Жиында су басу қаупі бар елдімекендер айтылды. Тасқын жиі болатын 1 мыңнан аса ауылдың 35 пайызында қауіпсіздік шаралары сақталмапты. Бұл мақсатқа 100 миллиард теңге қаржы бөлінгенімен, жылда қайталанатын мәселе биыл да өзекті.

Юрий ИЛЬИН, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Жұмыс жүргізілді. Дегенмен, 1055 елді мекеннің тек 692-інің қауіпсіздігі қамтылған. Бұл оның 65 пайызы ғана. Жыл соңына дейін бағдарлама аясында жұмыс істейміз. Бүгін біз көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша дайындық жүргіземіз. Онда тиісті шараларды дер кезінде орындамаған пунктерге қатысты әкімдіктен жауап аламыз.

Жиында елдегі 433 бөгеттің 6-нің ғана қауіпсіздік декларациясы бар екені белгілі болды. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мұндай бассыздықтардың алдын алу үшін арнайы мемлекеттік орган құруды ұсынып отыр.

 Дариға НАЗАРБАЕВА, ҚР СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ:

Біз бұл мәселені күн тәртібінен алып тастамаймыз. Мен бұл мемлекеттік органның қандай түрде болатынын білмеймін. Бұл агенттік немесе мамандандырылған ұйым болуы мүмкін. Бірақ ол тек осы сұрақтарға жауап беруі тиіс. Есеп комитеті қаншама ақшаның жоғалғаны мен елге келтірілген залал туралы айтып өтті. Бұны шешу керек.

Ал елде ауыз суға жарымай отырған елдімекендер әлі де көп. Бұл мақсатқа ел қазынасынан миллиардтап қаржы құйылып жатқанымен, 2 жарым миллион халық әлі де тіршілік нәріне қол жеткізе алмай келеді.

А. Мүтәлі