$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақмола облысындағы медициналық қалдықтарды жоятын зауыттың жұмысы тоқтады ма?

AstanaTV
15.01.2020ж. 20:00
3363
Ақмола облысындағы медициналық қалдықтарды жоятын зауыттың жұмысы тоқтады ма?

Ақмола облысында сот шешімімен жұмысы тоқтаған медициналық қалдықтардың көзін жоятын кәсіпорын заңға бағынбай отыр. Жергілікті тұрғындардың бұл мәселемен күресіп жүргеніне 3 жылдай болған. 6 мыңға жуық халыққа экологиялық зиянын келтіріп отырған зауыттың зардабы жайлы әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

"АКЛЕР ГРУПП" компаниясы бір емес, екі ауылдың ауасын ластап отыр. Дәл қазіргі уақытта кәсіпорында от жанып тұрмаса да одан шыққан сасық, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тіпті мұнда тұрудың өзі мүмкін емес. Өздеріңіз көріп тұрғандай аппақ қарды қара күл басқан.


Медициналық қалдықтарды жоюмен айналысатын компания 2017 жылдан бастап жұмыс жасап жатыр. Зауыт қалдықтарды арнайы пеште өртеп отырған. Одан тараған түтін адамдарға тигізер зияны орасан болғандықтан, сот 4 желтоқсан күні "Аклер групптың" жұмысын тоқтатуға шешім шығарған. Алайда, компания бұған құлақ асар емес дейді, жергілікті тұрғындар. Зауытқа жақын жерде тұратын Көпей Бейсенованың айтуынша, кәсіпорын қалдықтарды жасырын түрде 6 қаңтардан бастап өртей бастаған.

Көпей БЕЙСЕНОВА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше де жағып жатыр, бүгін де жағып жатыр. Түні бойы анадай упоковкамен газел алып келеді. Бұрын күндіз әкелуші еді қорықпай. Қазір түнде түні бойы жұмыс істейтін болды. Енді мынау не сұмдық? Түнімен тіпті, сасық иіс далаға шыға алмайсың. Үйге де кіріп жатыр иістері.


Қайыржан ЛЕСҰЛЫ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Аклер груптың бастығы болып келген жаңадан. Бұрынғы бастықты алып тастады. Тәуіржан Қаантович деген жігіт келді. Ол осы халықтың алдында уәде берді. Мен көшемін, жер беріңіздер деді. Сіздердің айтқандарыңызға көнемін деді. Ал, енді бірақ уәдесінде тұрған жоқ.

Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшы "Аклер груптен" шыққан түтіннің халық денсаулығына зиянды екенін растады. Айтуынша, зауыт от жаққан сайын ауаға 5 түрлі улы зат тарайды.

Әбсаттар ИСА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Санитарлық ережелер мен талаптарға қайшы заңбұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты біздің  басқарма тарапынан "Аклер групп" ЖШС-не әкімшілік құқықбұзушылықтың 3 бірдей бабы бойынша хаттама толтырылды да, әкімшілік жауапқа тарттық. Осы мекемеге қатысты жұмыстарды әрі қарай да бақылайтын боламыз. Тиісінше, бізге түскен құжаттарға байланысты жұмыс істейтін боламыз.


Айналасын қара түтінмен шарпыған зауытқа әкімдік тарапынан өндірістік жер берілгенімен, көшуге асығар емес. Мәселенің мән-жайын жексенбі күні "Astana аптасы" ақпараттық-сараптамалық бағдарламасыннан көре аласыз.

А. Данияр