Негізгі / Жаңалықтар / Қостанай облысында күмәнді жәшік полицейлерді әбігерге салды

Қостанай облысында күмәнді жәшік полицейлерді әбігерге салды

Күмәнді жәшік күллі аудан полицейлерін аяғынан тік тұрғызды. Тобыл қаласының полиция ғимараты маңына белгісіз біреу қорап қалдырып кеткен. «Сақтықта қорлық жоқ» деген оймен сақшылар дереу аумақты қоршап, жарылғыш затты залалсыздандыратын маман шақыртқан. Алайда мұның бәр әуре болып шықты. Жәшіктің ішінен медициналық қалдықтар шықты. Енді полицейлер оны тастаған адамды іздестіріп жатыр.

Күмәнді қорапты әуелі өрт сөндіру қызметінің өкілі байқап, дереу полицияға хабар берген. Сақшылар аумақты қоршап, арнайы маман алдыртыпты. Жәшіктің ішінде жарылғыш зат болуы мүмкін деп болжаған сияқты.

Мұхтар ЖАЙЛАУБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Бүткіл қызметкерлерге дабыл көтеріп, табылған қораптың маңын қоршап ешкімді жолатпай, қарау барасында жәшіктің ішінде қолданылған 13 фильтр және егуге арналған 20 шприц табылды. Қолданыста болған. Бірақ коробканың ішінде, скочпен оралып, жабулы түрде табылған.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Полицейлердің  айтуынша медициналық қалдық салынған қорап қоқыс жәшігінен емес, осы маңнан яғни автотұрақтан табылған. Оның сыртында ешқандай жазу және медициналық мекемелердің мекен-жайы болмаған.

Қолданылған медициналық құралдар адам денсаулығына аса қауіпті емес. Дегенмен табылған қалдықтар аудандық ауруханаға жеткізілген. Кейін көзін жоймақшы. Жәшікте бүйрегі ауыратын науқастарға қолданылатын 20-ға жуық құрылғы болған. Айта кетейін, облыс бойынша 6 ұйым медициналық қалдықтарды жоюумен айналысады. Қораптың сыртында ешқандай жазу көрсетілмегендіктен, олардың қай мекемеге тиесілі екенін анықтау қиынырақ дейді ,-мамандар.

Юрий СЕВОСТЬЯНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Диализ тәсілімен емдеу жүргізетін клиникалар түгел тексерілді. Барлығы медициналық қалдықтарды жою үшін келісім-шарт жасаған. Қораптың сыртында ешқандай жазу немесе мекеменің мекен-жайы көрсетілмеген. Сондықтан оның кімге тиесілі екенін,полиция ғимаратының маңына кімнің апарып тастағанын айту қиын.

Қораптағы қалдықтан қоршаған ортаға да залал келген жоқ. Алайда кім болса да экологиялық заңнаманы өрескел бұзып отыр,-дейді экологтар. Медцициналық қалдықты тастаған адам табылса қомақты айыппұл төлейтін болады.

Сергей  МҰҚАШЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ:


Егер қалдықты тастаған адам табылса әкімшілік кодекстің 344 бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Оған ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл салынуы мүмкін.

Еске салайын, өткен жылы Тобыл өңірінде туберкулезге қарсы емхананың медициналық қалдықтары тоғайға төгілген еді. Экологтар эпидемиологиялық қауіпті екенін айтып дабыл қаққан болатын. Бірақ үйіндіні белгісіз біреулер өртеп жіберді. Қауіпті қалдықты кімнің төккені әлі күнге дейін анықталған жоқ.

З. Санай