Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Мектеп оқушысы жанарынан айырылған анасын жалғыз өзі асырап отыр

Мектеп оқушысы жанарынан айырылған анасын жалғыз өзі асырап отыр

Алматыда мектеп оқушысы көлік жуып, жанарынан айырылған анасын, асырап отыр. Жалдамалы баспана, коммуналдық шығындар мен күнделікті ішіп-жейтін тамақтары да Санжардың мойнында. Қара жұмысқа 6-шы сыныптан араласқан ол еңбек етуден қашпайды. Тек жалғыз ғана арманының орындалуын жаратқаннан сұрайды. Өйткені анасын емдететін қалтасында артық қаражаты да жоқ.

Жалғызбасты ана Қамаш Бекімбетова 5 жыл бұрын қос жанарынан айрылған. Өзі ұлымен бірге баспана жалдап тұрады. Қос бөлмелі мына лашыққа 15 мың теңге төлеп жүр. Одан бөлек жарық пен газ үшін 4 мың теңге беруге міндетті. Тігіншілікпен айналысқан ананың қазір өздігінен қозғалуы да қиын. Сондықтан отбасының барлық шығындары ұлының мойнында.

Қамаш БЕКІМБЕТОВА:

Баламның 6 сыныбында көзім көрмей қалды ғой. 6 сыныпта бұл ана.. Еш жақтан көмек жоқ. Үкіметтен ештеңке алып көрмеппін осыған дейін.

53 жастағы келіншек баласы келгенше бір орында тапжылмай күтетінін айтты. Ал ұлы қазір мектепте 10-шы сыныпта оқиды. Ол өзіне жан-жағындағылардың аяушылық танытқанын қаламайды. Сондықтан бетін көрсетпеуімізді сұрады.

Санжар, 10 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Қазір сол автомойкада істеп жүрмін. Сабаққа кетемін таңертең шәй тамақты бірге ішеміз кетем. Одан кейін үйге келіп, сөйтіп шәй ішіп боп бірақ жұмысқа кетемін. Кешке мен кегенше жұмыстан мама күтіп отырады, сөйтіп бірақ ішеміз. Көзі көріп кетсе екен тілеймін. Күнде жатар кезде.

Бекімбетовтер отбасы көмек сұрап аудан әкімдігіне талай бас сұққан. Жалғызбасты ананың мүгедек екенін растайтын анықтамасы да жоқ. Аудан атқамінерлері жағдайды былай түсіндірді.

Зәуре ӘБІЛДАЕВА, НАУРЫЗБАЙ АУДАНДЫҚ ӘЛ-АУҚАТ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бұл кісіде Қазақстан азаматтығы жоқ, бірақ азаматтығы жоқ болса да оралман ретінде осы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындадық. Негізі кәмілеттік жасқа толып кеткен екі қыз баласы бар. Олар тұрмыста.

Шенділер Қамаш Бекімбетованыны жалдамалы баспанасына уақытша тіркеуге алмақшы. Сосын ғана оған мүгедектігін растайтын анықтама береміз деп уәде етті.

Нағигүл БЕЙСЕМБИНА, НАУРЫЗБАЙ АУДАНДЫҚ «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

 
Біздің АСП алмайды екен. Атаулы әлеуметтік көмек бар ғой. Кейін өзіміз бардық іздеп. Содан атаулы әлеуметтік көмек туралы естіген кезде мен сөйлей алмай қалдым ғой деп айтты. Ол үшін 42280 теңге үйінде ешқандай  табысы жоқ адамға үлкен бір табыс боп көрінді.

Бұл отбасы 2003-те елге оралған. Алғашында Жамбыл облысында тұрған.

Ә. Лесбек