Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Заречный колониясының 7 қызметкері сотталды

AstanaTV
03.03.2020ж. 20:00
2622
Заречный колониясының 7 қызметкері сотталды

Әлеуметтік желіде тараған дәл осы жасырын кадрлар колониядағы біраз былықтың бетін ашуға сеп болды. Алматы облысында орналасқан Заречный түзету мекемесі қызметкерлері жазасын өтеушілерге әлімжеттік көрсеткен. Қызметін асыра пайдаланған 7-уінің қылмысы әшкере болып, сотталып кетті.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:
 
Сот жабық жағдайда осыдан бір ай бұрын өткен. Алайда бұл жайында БАҚ өкілдеріне тек  бүгін ғана белгілі болды. Өйткені құқыққорғаушылар тағы бірнеше қызметкердің жазасыз қалғанын айтып, баспасөз маслихатын өткізді.

Ресми атауы ЛА 155-де 8 түзеу мекемесі деп аталатын мекемедегі жантүршігерлік кадрлар ғаламторда толып тұр. Жазасын өтеушілердің өздері өткен жылдың сәуірінен бастап іштегі жағдайды ұялы телефонға түсіре бастаған. 

Сотталғандарды заңсыз жазалап, ойына келгенін істегендердің ісін Қапшағай аудандық соты қараған. Түрме басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған Арман Шабденов пен Аян Жексеновті сот 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, түрме басшысы мен тағы төрт қызметкер бестен алты жылға дейін жаза арқалады. Алайда адам құқықтарын қорғаушы заңгерлер тергеу жұмыстарында шикіліктер болған деп отыр. 

Ардақ ЖАҢАБІЛОВА, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МОНИТОРИНГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
 
Қылмыстық іске қатысты үш-төрт адам жауапқа тартылмады. Сонымен қатар бұл істе зардап шегушілер көп болуы керек еді. Тергеу басталған кезде он зардап шегуші болған. Тергеудің соңында таспаға түскен үшеуі ғана қалды. Қалғандары куәгер ретінде қарастырылды.


Іштегі қылмысты жалпақ жұртқа жария еткендердің тағдырына құқық қорғаушылар алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың дерегінше мұндай жағдай елдегі өзге түзеу мекемелерінде де жиі орын алып тұрады.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:
 
Адам құқықтарын қорғаушылар, түрменің жаңа басшылығынан қылмысты әшкере еткендердің қауіпсіздігін күшейтуді талап етіп отыр.

А. Кемелжан