Ақмола облысы Бектау аулындағы 300-ге жуық үй қызыл судан қауіптеніп отыр. Қыс бітіп, көктем келсе де шатырдың төбесіне дейін жететін қар мұнда әлі тазаланбаған. Ауыл халқы талай рет әкімшіліктің табалдырығын тоздырғандарын айтады. Алайда, еш нәтиже жоқ. Тақырыпты ауыл-аймақтағы жағдаймен танысып келген Айя Мүтәлі жалғастырады.
Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:
Сенер мүмкін сенбессіздер, бірақ мына жер қардан тазартылған болса, теп-тегіс асфальт төселген жол болар еді. Бірақ, қардың қалың түсуіне байланысты тау-тау болып үйіліп, осындай төбешіктерге айналған. Ал оның деңгейі өздеріңіз көріп тұрғандай, үйдің шатырына дейін жетеді. Дәл осындай жағдай ауылдың тең жартысында кездеседі.
Мұндағы жұрт қалың қар басқан ауласын тазарта алмай әлек. Өйткені көшеде жол жоқ. Әлі күнге балалар сабақтан қалса, үлкендер жұмысқа жете алмай жүр. Кейбірінің тіпті автокөліктері қар астында қалған.
Еркебек ӘбІЛХАНҰЛЫ, БЕКТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Міне мынау жолды ашпайды. Көріп тұрсыздар ғой, міне, мына жақта міне. Мына жерге техника мүлдем келе алмайды да. Сол отын көмір біткен. Сол енді халық не істейді? Мысалы мына бабушка 80-ге келген кемпір. Өзіңіз ойланып көріңізші, 80-дегі кемпір мына жерден қалай өтеді.
Тұрғындар сырқаттанып қалсақ та, бізге жаны ашитын ешкім жоқ деп ашынады. Жол жабық болған соң, мұнда жедел жәрдем де келмейді. Осыдан бірер күн бұрын ғана айы-күні жетіп, толғағы қысқан келіншекке де бүтін бір ауыл болып көмектесуге тура келіпті.
Базыналы бұқара бізді естір құлақ жоқ дейді. Жергілікті әкімдіктің табалдырығын талай рет тоздырғанмен, мардымды жауап ала алмапты. Қардан тазартатын техника бар болса да, орталық көшелерде ғана бой көрсетеді деді. Енді олар көктемді қорқынышпен күтіп отыр.
Гүлжазира ҚАЛҚАБАЙ, БЕКТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Көктемде су басып қалса, не істейтінімізді. Тіпті, үйді су басады міне. Қар деген төбеде. Енді қазір қорқып отырмыз, білмеймін не істейтінімізді. Биыл бататын шығармыз. Бізге қайық керек шығар.
Жергілікті билік мәселені шешуге уәде берді. Алайда, нақты қашан екені белгісіз.
Мария ГОБУСЕНКО, ШОРТАНДЫ АУДАНЫ БЕКТАУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Қар тазартуға қаржы бөлінді. Миллион теңге. Біз соны күтіп отырғанбыз. Енді жақын күндері "Бектау" ЖШС-мен шарт жасасамыз. Бүгін басшылығымен кездесу керек болғанбыз. Алайда, олар орындарында жоқ.
Бірақ, тұрғындарды бұл жауап қанағаттандыра қоймады. Олар ауыл әкімдігінің осылай құр уәдемен тойдырып жүргеніне 1 айдан асқанын айтып отыр. Су тасқынын биыл да алдын-алуға үлгермейтіндеріне алаңдаулы.
А. Мүтәлі