Бүгін Нұр-Сұлтанға Оңтүстік Кореядан 93 қазақстандық эвакуацияланды. Олардың 2-еуі бала. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп айтты. Қазіргі уақытты әлемді алаңдатқан коронавирус жер жүзінің 79 еліне тарап үлгерді. Қазақстан аталған індеттен аман. Тақырыпты Асылбек Данияр сабақтайды.
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың қазіргі жағдайын зерттеу үшін Қытайға халықаралық сарапшылар тобын жіберді. Соңғы мәліметтерде вирусты әлемдегі 99 мыңға таяу адам жұқтырған. Оның 81 мыңға жуығы Қытайлықтар.
Бүгін Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайына Сеульден 178 жолаушысы бар ұшақ қонды. Оның 31-і Ресей, 51-і Өзбекстан, 3-і Грузия мемлекетінің өкілі. Одан бөлек әуе кемесінде болған 93 отандасымыз қаладағы медициналық орталыққа карантинге жатқызылып, тест сынамалары алынған.
Диас АХМЕТШӘРІП, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Әзірге бәрінің денсаулығы сыр берген жоқ. Дене қызулары нормада, барлығы қалыпты. Карантинге түскеннен кейін олардан барлық анализдерді алатын боламыз. Анализдердің нәтижесін тікелей сіздерге хабарлаймыз.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі дүниежүзіндегі жағдайға да тоқталды. Дертке шалдыққандардың көбісі егде жастағы адамдар. Ауру тараған Қытайда 52 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп шықққан. Бұдан бөлек, Жапония билігі коронавирус салдарынан Қытай азаматтарына берілген 2,8 млн визаның күшін жойды. Ал Сингапур болса аты жаман ауруды бортсеріктер таратуы мүмкін деп қауіптенеді.
Кеннет МАК, СИНГАПУР МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біз алаңдатып отырғандар -бортсеріктер. Олар тәулік бойы рейсте жолаушыларға қызмет көрсете отырып, басқа адамдармен, соның ішінде науқастармен байланыста болады. Осы мақсатта біз бортсеріктерді карантинге жатқызу туралы бұйрық шығардық.
Вирусты жұқтырған Вьетнам, Латвия, Камбоджа, Непал және Шри-Ланка елдері де аурумен толық күресіп, COVID-19-ды жұқтырған науқастарын емдеген.
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:
Күні кеше Оңтүстік Кореядан тағы 100 қазақстандық Алматыға жеткізіліп, көпсалалы ауруханаға карантинге жатқызылды. Дәрігерлер олардың денсаулық жағдайы -қанағаттанарлық деп отыр. Сонымен қатар, Қытайдан Қазақстанға жеміс-жидек экспорттау уақытша тоқтатылды.
А. Данияр