COVID-19 пандемиясынан тағы бір отандасымыз қайтыс болды. Өлім дерегі Алматы қаласында тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды. Ведомствоның дерегінше- ем қабылдап жатқан 31 науқастың жағдайы нашар. Бір қуанарлығы вирустың өсу статистикасын төмендеп келеді. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.
Бүгін коронавирустық инфекциядан 68 жастағы Алматы қаласының тұрғыны қайтыс болды. Сонымен ел бойынша көз жұмғандардың саны 30-ға жетті.
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Пациент ұзақ уақыт бойы ауыр созылмалы ауруларын: вирустық гепатит, қант диабеті, артериялдық гипертензия, жалғыз бүйректің соызлмалы ауруы, бүйрек жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруын бастан өткізген болатын. Бірінші топтағы мүгедек.
Республика бойынша вирус жұқтырғандардың саны 4300-ден асты. 1400-ге жуық емделуші сауығып шықты. Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің айтуынша, науқастардың 85 пайызында ауру симптомсыз өтіп жатыр. Тимур Сұлтанғазиев эпидемияның екінші кезеңі туралы нақты айту қиын дейді. Оны болдырмау үшін карантин ережесін сақтау керегін жеткізді.
Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР ДСМ ТАУАРЛАР ЖӘНЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
25 сырқатта ауыр жағдайда, ал 6 сырқат өте ауыр жағдайда. Оның ішінде 7 сырқат жасанды демалу аппаратына қосылған.
Атырау облысындағы Теңіз кешенінде карантиндік режим күшейтілді. Оған кәсіпорындағы 148 жұмысшының індетті жұқтырғаны себеп болды. Эпидемиялогиялық ахуалға сай, жұмыс уақытынан тыс мезгілде, яғни жұмысшылардың бірлесіп тамақтануына, өзара араласуына шектеу енгізілді. Вирус жұқтыру бойынша мұнайлы өлке ел аумағында үшінші орынға шықты.
Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР ДСМ ТАУАРЛАР ЖӘНЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Теңіз кен орнында шамамен 148 адам коронавирус жұқтырған. Басым бөлігінде аурудың белгілері жоқ. Індет жұқтырған жұмысшылар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
Ал, әлемде Ковид-19 жұқтырғандар саны 3 миллион 700 мыңнан асты. 260 мыңға жуық науқас індет құрбанына айналған. Католония университетінің нейробиологтары коронавирустан қайтыс болатындардың көпшілігі ер адамдар екенін жариялады. Мұның басты себебі темекіге әуестілік деп тұжырымдайды.
А. Данияр