$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбеде орамал тағатын оқушылар мектеп талабымен келіспей отыр

AstanaTV
29.09.2017ж. 20:00
3097
Ақтөбеде орамал тағатын оқушылар мектеп талабымен келіспей отыр

Жаңа оқу жылы басталғалы Ақтөбе, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында оқушылардың мектепке орамалмен келуі дау туғызды. Себебі ата-аналар «Оқушылар бірдей киім киюі керек және киімдерінде діни атрибутикалар болмауы керек» деген талаппен келіспей отыр. "Біздің уақыт" апталық-сараптамалық бағдарламасында осы тақырыпты қозғайтын ақтөбелік тілшіміз Жақсыбек Кемал студиямен байланыста. Жақсыбек, Ақтөбе облысында орамал тағатын қанша оқушы бар және бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбе облысында дәл қазір орамал тағатын 350-ден астам оқушы бар. Олардың көбі төменгі сыныптарда оқитындар. Мұғалімдердің басты талабы - олар сабақ кезінде өзгелерден бөлектенбеуі тиіс. Яғни ата-аналар Білім министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы  №26 бұйрығын сақтауы керек.

Бұл құжатта мектеп формасында әртүрлі діни конфессиялардың элементтері болмауы тиіс деп жазылған. Қазір ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде әзірге тек 15 оқушы ғана білім ордасына келгенде орамалын шешуге келіскен.

Сәнсәбила, оқушы:

Орамалымды шешіп, класқа кіргенде ұлдардың бәрі мені қарайды. Күледі. Сосын мен ренжимін. Сондықтан орамалымды шешкім келмейді.

Жолдас Қалмағамбетов, облыстық дін істері басқармасының басшысы:

Қай кезеңде де біз бұны қатқыл шешім жасауға қажет емес деп санаймыз. Себебі бала ешуақытта зардап шекпеуі керек. Бұл арада тек ата-ана мектептің ішкі ережесін сақтауға көндірсе, ешкім де ұтылмайды деп санаймыз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Орамал дауының әзір бітер түрі көрінбейді. Себебі әр тараптың өз пікірі бар. Сонымен, талапқа көнбеген ата-аналар қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін? Мәселені шешудің нақты жолы қандай? Бұл сұрақтарға ертең 20:00-де «Біздің уақыт» бағдарламасында көрсетілетін материалымда кеңірек тоқталмақпын.

Рахмет, студиямен байланыста болған Ақтөбедегі тілшіміз - Жақсыбек Кемал. Сенбі күні бағдарламаны өткізіп алмаңыздар.