Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Өзбекстан азаматтары өз еліне өте алмай жатыр

AstanaTV
08.07.2020ж. 20:00
4181
Өзбекстан азаматтары өз еліне өте алмай жатыр

Қазақ-Өзбек шекарасында мыңдаған адам ашық аспан астында жатыр. Олар Түркістан облысының кеден бекетінен әрі аса алмай жүр. Себебі, ресми Ташкент рұқсат бермей отыр. Шекарада қалып қойған жұрт автотұрақты паналап жүр. Арасында еңбектеген баладан бастап еңкейген қартқа дейін бар. Қолы жеткендер шатыр құрып алған. Қалғандары далада. Өзбек азаматтарына жақын маңдағы ауыл тұрғындары ғана қол ұшын созған.

Шолпан ІЗБАСҚАНОВА, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТШАСЫ:

Менің срогым келіп қалды, босануым керек. басқа жердің шекарасы жабық. Мен Ақтаудан келгем, осы жерден өтеміз деп келдік бірақ өте алмай жатырмыз әлі. Ешкім бізден хабар алмайды. Өзбекстан жабық дейді. Енді Қазақстан сау болсын, тамақ су әкеп беріп жатыр бізге.


Арзыгүл АҚНАЗАРОВА, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТШАСЫ:

Бір ай болды ауылда аппаратта реанимацияда жатыр 80-ге барған адам, миына операция болды. Енді мен өте алмай отырмын Өзбекстанға. Шекараны ашпай жатыр. Тіпті тиынымыз жоқ.

Келімсектердің ашық аспан астында жатқанына жарты ай болыпты. Үш мыңға жуық адам жиналып қалған. Айнала күл қоқысқа толған.

Халбибі ҚҰРБАНОВА, САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Адамдарға жанымыз ашып жатыр, турасын айтқанда, мучаются они. Ақшалары біткен, қиналып жатырда, жылап жатыр, көріп жатырмыз да біз соны. Ковидтен де қорқып жатырмыз, мына жердің бәрі ластанып жатыр.

Елшіліктегілер бар мәселе жаппай тараған ковид кеселімен байланыстырды. Көрші елде де әлі күнге карантин алынбаған.

Дильшод САБИРОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БАС КОНСУЛДЫҒЫНЫҢ ЕКІНШІ ХАТШЫСЫ:

Шекарадан өтетіндердің көптігіне байланысты Өзбекстан тарапы қосымша карантиндік аймақ құрып жатыр. Бүгін 397 адамды өткіземіз. Сонша орын ғана дайын болды. Орын босаса болды өткізіп тұрамыз. Бірінші кезекте жүкті әйелдер, науқастар мен осында он күннен астам уақыт күтіп отырғандарды өткізетін боламыз.

А. Төребекқызы