$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО әкімдігі мүгедектерге бюджет қаржысына бір-бір смартфон алып бермек

AstanaTV
19.08.2020ж. 20:00
2454
БҚО әкімдігі мүгедектерге бюджет қаржысына бір-бір смартфон алып бермек

Сыр өңірі жастары жоқтан бар жасап, мектеп оқушыларын жаңа оқу жылына дайындап жатса, оралдық шенеуніктер 50 млн теңгеге смартфон сатып алып жүр. Әр қайсысы 142 мың теңгеден тұратын телефондар мүгедек жандарға арналған. Атқа мінерлердің айтуынша, бастапқы тендерден 2 млн теңге үнемдеп қалыпты. Енді оның үстіне тағы бюджеттік қаражат қосып, аймақтағы басқа 98 мүгедекке дәл осындай телефон алынбақ. Бюджеттік смартфон сыры жайлы Еркін Карин әңгімелейді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңға сәйкес, оларға қажетті құрал-жабдықтар тегін таратылады. Мысалы, протездік-ортопедиялық құрылғылар, мүгедектер арбасы, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету қарастырылған.

Биылғы тізім заманауи заттармен толықты. Шенеуніктер аймақтағы 333 мүгедекке арнап бір-бір смартфон сатып алды. Оған бюджеттен 47 млн теңге жұмсалыпты. Қайта, тендерге қатысушы компания, 6 мың теңгеге арзан телефон ұсынып, оралдық атқамінерлер 2 млн теңге үнемдеп қалған екен. Енді шенеуніктер оның үстіне қаржы қосып, тағы 98 мүгедекті жаңа смартфонмен жарылқамақ. Телефондардың сайтқа ілінген сипаттамасына назар аударайық.

Басқарманың жеткізушілерге қойған талабына қарағанда, ұялы телефон камерасы 25 МегаПиксель, жады 128 гигабайттан болуы керек. Аккумуляторы 4000 миллиамперден кем болмауы тиіс. Сөзді анықтау синтезаторы болуы керек және ол 4G ұялы байланысын қолдауы шарт. Смартфон сондай-ақ аудионы мәтінді хабарламаға айналдыра алуы қажет.

Мүгедек жандар бұл телефондарды кемінде 5 жыл пайдалануы шарт. Осы смартфон арқылы олар әлеуметтік желілерге кіріп, белсенді-онлайн өмір сүреді деген сенім бар. Бюджет есебінен телефон алып беру арқылы басқарма мүгедектер қаржысын үнемдемек.

Миргүл ҚҰРМАНБАЕВА, БҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Ол көп емес. Себебі ол техникалық сипаттамасына сәйкес келіп тұр бағасы. Министерствоның методическая рекомендациясы бар. Сол рекомендациясына сәйкес, согласована с общестенным объединением казахского общества слепых, мысалы, тифлотехникалық құралдар алсақ. Егер де сурдотехникалық құралдар алсақ, казахского общества глухихпен согласовать ететін боламыз.


Қажетті құрылғылар техникалық дүкендерден емес, мүмкіндігі шектеулі жандар құрған үкіметтік емес ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктерден сатып алынады. Бұл ұйым мүшелерінің тең жарымы - мүгедектер.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Биыл өңірдегі 8 мыңнан астам мүгедекті керек-жарағымен қамтамасыз етуге 1 миллиард 909 млн тг бөлінген екен.
 
Е. Карин