Зейнетақы жинағын кім пайдалана алады? Ол қаражатты қайда жұмсай аламыз? Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов бүгін Үкімет қабырғасында, халықты толғандырған сауалдарға жауап берді. Ең бастысы, қордағы жинақты пайдалана алатындардың шекті межесі белгілі болды. Қаржыны ала алатындар тізіміне 20 жастан асқан азаматтар да кірді. Ер адамдар мен қыз-келіншектердің үлесі енді бірдей. Атап айтқанда, отыз жастағы азаматтың есепшотында ең кемі 2 жарым млн теңге болуы керек болса, 35- жасар адам үшін шекті меже 2 миллион 961 мың теңге деп бекітілді. Ал, қырықты еңсерген қазақстандықтың жинағы 3 жарым млн теңге болуы шарт. Ал, 45 жас үшін 3 миллион 947 мың теңге болса 50-дегі азаматтар үшін 4 жарым млн теңге көрсетілген. 55 және 60- жастағылардың зейнетақы қорында 5 миллионнан аса қаржы болуы шарт.
Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Біріншіден, бұл мақстатта азамат өзі үшін, жұбайы үшін және жақын-туыстары үшін пайдалана алады. Жақын туыстарына заң бойынша ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, бауырлары жатады. Сондай-ақ, біз бір отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіру мүмкіндігін де қарастырмақшымыз.
Шешіп алынған қаражатты қайда жұмсауға болатыны туралы да ереже белгіленді. Келтірілген деректерге қарағанда ол ақшаны тұрғын үй немесе жер телімін сатып алуға жұмсауға болады. Қаражатты сондай ақ денсаулық күтіміне салуға да рұқсат етілді. Баспананың айтпақшы жаңа үйден болуы шарт емес. Яғни, екінші нарықтағы пәтерді де сатып алуға рұқсат. Қордағы қаржымен сондай ақ ипотекалық қарызды да жабуға болады. Тұрғын үйге арналған қаражатты аудару үшін жаңа оператор қызметі іске қосылады.
А. Мүтәлі