Ақтөбе облысында үйлену тойына дайындалып жатқан отбасының шырқы бұзылды. Бір күнде анасы мен ұлы, өз-өзіне қол жұмсаған. Қайғылы оқиға Темір ауданы Шұбарши ауылында сенбі күні болған. Полицияның дерегінше, әуелі 63 жастағы анасы далада тұрған газ құбырына асылып қалған. Мұны тауып алған 28 жастағы ұлыда, сөзге келместен өзіне-өзі пышақ сұққан. Сол сәтте үй ішінде отағасы және басқа да туысқандары болған. Бүгін олар марқұмдарды жер қойнына тапсырды. Полицейлер қазір қанды оқиғаның себеп, салдарын анықтауда.
Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Осы деректер бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 105 бабына сәйкес қылмыстық іс козғалды. Аталған өлімнің не себептен болғаны анықталуда.
Ауыл тұрғындары, болған жайтқа әлі күнге сене алар емес. Айтуларынша отбасы ортаға сыйлы, әрі үлгілі. Жалғыз ұлдары жуырда ғана келіншек әкеліп қуантыпты. Енді үйлену тойының қамына кіріскен еді деді.
Ардақ ҚҰБАШЕВА, ШҰБАРШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мамасы 63 жаста ғой Гүлзия марқұм. Жақсы адам, семьясы жақсы. Екі қыз, бір түйір ұл. Намаз оқиды. Өте жақсы бала. Өз балдарымның жолдастары, достары. Кәдімгідей 19-да той болады деп дайындалып жүрді, әп-әдемі болып. Келіншегін әкеліп қойды 3 қыркүйекте. Енді міне 19 той істейін деп жатқанда білмеймін үйде не болғанын?
Б. Рақметова