$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Нұр-Сұлтанда жедел медициналық жәрдем автопаркі 2,5 есеге артты

AstanaTV
22.09.2020ж. 20:00
1759
Нұр-Сұлтанда жедел медициналық жәрдем автопаркі 2,5 есеге артты

Елордада полицейлер мен дәрігерлерге қызметтік көлік табысталды. Осылайша жедел жәрдем станциясы мен полиция департаменті 114 темір тұлпармен толықты. Қызметтік техникаларды сатып алуға қалалық бюджеттен қаражат бөлініпті. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жыл соңына дейін тағы 35 көлік сатып алу жоспарда бар. Мұндай шара қала тыныштығы мен тұрғындар денсаулығын жақсартуда үлкен сеп болады деп отыр.

Қауіпті індет өршіген тұста жедел жәрдем қызметіне күніне 3 мыңнан астам шақырту түскен. Бұл әрине көлік тапшылығын тудырғаны жасырын емес. Сондықтан, қалалық әкімдік дереу түйіткілдің шешімін іздеді. Айтуларынша, бір жылға жетпей автопаркте көлік саны 2,5 есе ұлғайған. Енді медицина қызметкерлерінің жұмысы айтарлықтай жеңілдейтініне сенімді.  

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ең бастысы тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Сіздерге үлкен рақмет айтамыз. Мынау автокөліктер сіздерге үлкен қолдау болады деп ойлаймыз. Жылдың соңына дейін тағы 35 көлік аламыз. Толықтай жаңартып шықтық.


Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Жедел жәрдем көліктері А, В, С деп үш санатқа бөлінеді. Бұл С санатындағы көліктің бір ерекшелігі дәрігердің оңай қозғалуы үшін арнайы есік орнатылған. Бұдан бөлек ересектер мен балаларға арналған ИВЛ аппараты мен науқастың жүрегіне жасанды массаж жасайтын ЦПР құрылғысы орнатылған.

Тәртіп сақшылары да назардан тыс қалмады. 65 су жаңа көлік полицейлерге берілді. Төтенше жағдай кезінде департамент қызметкерлері екі ай бойы блок-бекеттерді күзетті. Күндіз-түні халықтың қауіпсіздігіне жауапты құқыққорғаушылар да жұмыс жанданатынын жеткізді.

Ержан СӘДЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Осы көліктер дәл қазіргі сәттен бастап қала қауіпсіздігін күзетуге жұмылдырылмақ. Басты мақсат шаһардағы тәртіп бұзған азаматтардың санын барынша азайтып, қылмыстың алдын алу. Көліктер өте тиімді. Жұмыс істеуге де ыңғайлы. Сондықтан әрі қарай да қала тыныштығын сақтауды күшейтеміз.

Автокөліктер сигналды-дауыс зорайтқыш құрылғылармен, радиостанциялармен, бейне-тіркегіш және басқа да заманауи техникалық талаптарға сай құралдармен жабдықталған. Енді жаңа автокөліктерді жол-патрульдік полиция полкі, учаскелік полиция инспекторлары, аудандық басқармалар мен әкімшілік полицияның кезекші бөлімдері пайдаланбақ.

Ғ.Өтемісов