Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Қазақстанда зейнет жасы қысқара ма?

AstanaTV
07.10.2020ж. 20:00
6171
Қазақстанда зейнет жасы қысқара ма?

Мәжіліс депутаттарының, ара тұра "ескі жараның" бетін тырнап тұратын әдеті бар. Төменгі палата депутаттары бүгін, Зейнет жасын қысқарту керек деген бастама көтерді. Оған, қытайдан шыққан короновирустық пандемия себеп болыпты. Халық жағдайын ойлаған, "халық қалаулылары", "Карантин кезінде қарттар әбден қиналып болды", дегенді айтады. Енді-енді ұмытылып келе жатқан тақырып Парламент қабырғасында неге көтерілді? Үкімет не дейді? Тақырыпты әріптесім Айя Мүтәлі жалғастырады.

Шырайлы шымкенттік Шынардың зейнетке шығуына аз қалды. Қолданыстағы заңға сәйкес әйелдер 59,5 жаста зейнетке шығады. Алайда, Шынар Оразова жақын арада "бейнеттің зейнетін көретініне" күмәнді. Өйткені, ара тұра зейнет жасының өсіп кететін әдеті бар.

Шынар ОРАЗОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


58 жаста әйел азаматтарын зейнеткерлікке шығарған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені денсаулығы сыр береді, шаршайды.

Қазіргі зейнет жасы қарттар түгіл жастар үшін Асқақ таудай көрінеді. Шыңына біреу шығып біреу шыға алмасы анық.

"Тым құрғанда пандемия кезінде зейнетке ерте шықсақ", дейтін ағайын аз емес. Мұны депутаттар да біліп отыр. Халық мұң-мұқтажы жетті ме әйтеуір халық қалаулылары Зейнет жасын биыл қысқартсақ деген бастама көтеріп отыр. Өйткені, ресми деректер соған сүйрейді. Белгіленген 58 жарым мен 63-ке жетпей жатқан қарттар көп. Жыл басынан бері 110 мың адам дүниеден озсса соның 80 пайызға жуығы қариялар екен.

Айқын ҚОҢЫРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "ХАЛЫҚ КОММУНИСТЕРІ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Зейнет жасын қайта қарау керекпіз. Ел азаматтарының зейнетке шығу жасын азайтуды ұсынамын. Әйелдер мен ерлер 60-жастан бастап шығуы тиіс.

Алайда бұл, "Депутаттар айтты болды, зейнетке ерте шығамыз" деген сөз емес. Айқын Қоңыров әзірге ескі тақырыпты еске түсіріп отыр. Оның болар-болмасын әлі Үкімет қарайды. Дегенмен мұны қиял-ғажайып ретінде қарастырмауымыз керек. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, дұрыстап ойланса мемлекеттің оған құзыры да, қауқары да жетеді. Тым құрғанда ресейлік тәжірибені қолдансақ болады, дейді сарапшы. Көрші ел карантин кезінде жұмыссыз қалған қарттарды зейнетке екі жылға бұрын шығарып жатқан көрінеді.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Одан мемлекет ұтпаса, ұтылмайды. Бірінші кезекте біз халықтың төлем қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазіргі уақытта бізде жастар жұмыссыздығы деген үлкен мәселе бар. Егер зейнеткерлікке шығатын адамдардың жасын 63-тен 60-қа дейін қысқартатын болсақ, жастардың жұмысқа шығу қабілеттілігін де арттырамыз.


Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Депутат пен сарапшының ойы бір жерден шыққанымен оны құзырлы органдар құптамайтын сияқты. Өйткені, осы салаға тікелей жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл тақырыпты бүгін қысқа қайырды. "Бұл мәселені қарастырып жатқан жоқпыз" деп кесіп айтты. Онысы да түсінікті. Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жазылған депутаттық сауал олардың қолына әлі жетіп те үлгермеген.

А. Мүтәлі