Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарда кәсіпкер салық органдарынан қысым көргенін айтып шағымданды

AstanaTV
28.10.2020ж. 20:00
2312
Павлодарда кәсіпкер салық органдарынан қысым көргенін айтып шағымданды

Павлодарда кәсіпкер салық органдарынан қысым көргенін айтып арнамызға шағымданды. Айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитеті ол басқаратын кәсіпорынды жөн-жосықсыз тексеруге алмақ болған. Бұнымен келіспеген кәсіпорын комитетті сотқа берген. Алайда, сот бұл істі қараудан бас тартыпты.  Мәселенің анық-қанығын тілшіміз біліп көрді.

Жанар Күшқұлова – ұн шығаратын кәсіпорынның иесі. 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Нарықта 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Айтуынша биыл салық органдарының мамандары оның тынышын алып болған.  

Жанар КҮШҚҰЛОВА, КӘСІПКЕР:

Біз салықты уақытылы төлеп тұрдық. Қаржы министрлігінің Кірістер комитетіне: "бізді неге ерекше тексеруді қажет ететін" топқа қосқанын сұрап хат жолдадық. Әлі күнге дейін жауап жоқ. Сонда не үшін бізге салықтық тексеру жүргізбек ойлары бар екенін түсіне алмадым. Ал салық органдарының мамандары жиі-жиі қоңырау шалып, хат жолдап, кәсіпорынды тексеруге рұқсат беруімді сұрап мазамды алды.  

Тексеруге үзілді-кесілді қарсы кәсіпкер, мемлекеттік кірістер комитеттін сотқа берген. Алайда, Нұрсұлтан қаласының соты оның ісін қараудан бас тартыпты. Сондықтан, ол сотқа екінші рет шағым түсіріп отыр. Қазір бұл мәселеге сыбайлыс жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері де араласты.

Ардақ БАЛҒОЖИН, ҚР СЖҚІҚ АГЕНТТІГІ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:


Жемқорлыққа қарсы қызмет орталығына кәсіпкерден Мемлекеттік кірістер комитеті жөн жосықсыз тексеру жүргізбек болды - деген шағым түсті. Қазір бизнес өкілінің арызын тексеру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жақын уақытта тексеру нәтижелері анықталады.

Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті мамандары бұл жоспарлы тексеріс екенін айтты. Сондықтан, кәсіпкердің қысым көрсетті дегені негізсіз деді.  

Галина БИРЮКОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Бұл жоспарлы тексеріс. Кәсіпорында тауар айналымы артуына байланысты жүргізіліп отырған шара. Мұнда кәсіпорынның салық жүктемесі, салық есептерінің уақытылы тапсырылуы, табыс көзі секілді өзгеде кіріс-шығыстары тексеріледі. Бұның барлығы автоматты жүйеде жүзеге асады. Сондықтан, онда адами факторлар болмайды.


Айта кетейік, ел ішінде 3 жылға дейін шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланған. Алайда, мамандар бұл кәсіпорын аталған санатқа жатпайтынын, өйткені мұнда өндіріс көлемі артқан деп отыр.   

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Мұны енді алда өтетін сот анықтамақ. Кәсіпкердің де бар үміті сол сотта болып отыр. Ол қарашының 15-не белгіленіпті.


Ө. Қуанар