$498.34 €519.72 ₽4.85
×

АҚШ Президенті Дональд Трамп сайлау нәтижесін қайта қарауды талап етті

AstanaTV
09.11.2020ж. 20:00
2938
АҚШ Президенті Дональд Трамп сайлау нәтижесін қайта қарауды талап етті

Америка құрама штаттары ақыры өз таңдауын жасады. Демократиялық партия атынан саяси сынға түскен 77 жастағы Джо Байден, Трампты артқа қалдырып жеңіс тойын тойлап жатыр. Оны түрлі ел басшылары құттықтап та қойды. Олардың арасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Дональд Трамп болса ұтылғанын мойындайтын емес. Ол сотқа жүгінбек.

Джо Байденнің саясат сахнасында жүргеніне жарты ғасырға жуықтады. 35 жыл сенатор болды. Президенттікке екі рет үмітті болған. Алғашы рет 1987 жылы бақ сынап көрді. Ұтылып қалып 2007 жылы тағы бір көрді. "Құласаң нардан құла" дегені болу керек. Тақ таласқа биыл тағы бір шықты. Ақыры 74 млн дауыс жинап саяси доданы ұтып шықты.

Джо БАЙДЕН, АҚШ-ТЫҢ САЙЛАНҒАН ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент Трампқа дауыс бергендердің көңіл-күйін жақсы түсінемін. Мен өзім де бірнеше рет осылай есе жібергенмін. Бірақ енді бір-бірімізге мүмкіндік берейік. Ілгерілеу үшін біз қарсыластарымызға жау ретінде қарауды тоқтатуымыз керек.

Делавэр штатында көпшілік алдында сөз сөйлеген Байден, бүкіл отбасын таныстырды. Ол өзінің еті жақындарының арасына жаңа вице-президент Камала Харрис пен оның күйеуі Даг Эмхофты те қосты.

Камала ХАРРИС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:


Бұл АҚШ халқына берілген үлкен мүмкіндік. Сіздің жынысыңызға қарамастан, алып шыңдарды бағындыра алатындығыңызды айқындайды.  Сондықтан, армандаңыз және өжет болыңыз, сенімділікпен өз жолыңызбен жүріңіз. Басқалар сізге қызыға қарайтын болсын.

Осылайша, Байден 4 жылға АҚШ президенті болды. CNN арнасының хабарлауынша, ол Ақ үй басшысы ретінде әуелі АҚШ-ты Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Париж климаттық келісіміне қайта кіргізбек. Сондай-ақ, Джо Байден коронавирустық пандемиямен күресуге де дайын. Ал Америка құрама штаттары болса, дерттен өлгендер саны бойынша әлемде көш басында тұр.

Джо БАЙДЕН, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз пандемияны толығымен ауыздықтамайынша, экономиканы қайта қалпына келтіре алмаймыз. Немерелерімізді, балаларымызды құшақтап сүйіп, туған күндерімізді, үйлену тойларымызды думандатып, емін-еркін жүре алмаймыз. Мен «Байден-Харристің covid-ке қарсы жоспарын» қабылдау үшін жетекші ғалымдар мен сарапшылар тобын міндетті түрде тағайындайтын боламын.

Негізі, сайлаудың соңғы қорытындысы желтоқсан 8-не дейін жариялануы тиіс. Сарапшылар бұл еш күмәнсіз айқын жеңіс, деп отыр. Алайда, қазіргі Президент Дональд Трамп оны мойындамай отыр. "Сотттасамын дейді", ол. Бұл аздай, Трамп отбасылық күйзелісті те бастан өткеріп жатқан сыңайлы. "Мелания Дональдпен жақында ажырасады, деп жазыпты, "Daily Mail" басылымы.

А. Мүтәлі