Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтөбеде жол салатын мекеме жұмысшалары, жаппай жұмысқа шықпады

AstanaTV
07.12.2020ж. 20:00
2020
Ақтөбеде жол салатын мекеме жұмысшалары, жаппай жұмысқа шықпады

Ақтөбеде жол салатын ірі мекеменің жұмысшылары, бүгін жаппай жұмысқа шықпады. Олар үш айдан бері жалақы төлемей отырған жұмыс берушіге наразылықтарын осылай білдірді. Айтуларынша компанияның жұмысшыларға берешегі шамамен 30 миллион теңгені құрайды. Қарызға батып,  несиелерінің үстемесі өсіп жатқанын айтып шағымдануда.  

Шыдамның шегі болар, бүгін жұмысшылар жол бойындағы жұмыстарын тоқтатты. Сөздеріне сенсек, мекемедегі 300-ге жуық жұмысшы қыркүйек, қазан, қараша айларының жалақысын алмаған. Күтуден шаршадық деген наразы топ, айлық төлемесе жұмысты жалғастырмайтындарын айтты.

Абай ЕРІМБЕТОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Әр адамның өзінің семьясында кредиті бар. Әр адамның бала-шағасы бар. Оның бәріне керек қой енді. Жұрттар қарызданып жатыр. Менің қасымдағы бір жігіт айына 30 мың теңгені дәрі-дәрмекке жұмсайды. Сол енді жұртқа 70 мың теңге қарызбын дейді. Енді қалай өмір сүруге болады.

Андрей ГОНЧАРОВ, ЖҰМЫСШЫ:


Бүгін біз жұмыс жасаудан бас тарттық. Айлық бергенше жұмыс істемейміз. Өйткені қанша уақыттан бері ертең, арғы күні береміз деп келе жатыр. Жалақы әлі алғамыз жоқ. Мен өзім бір жарым жыл мында істеймін. Зейнетақы қорыма, медициналық сақтандыруға бір тиында компаниядан түспеген. Айлықтан оны ай сайын ұстап қалады.


Әрқайсысы орташа есеппен 180 мың теңге көлемінде жалақы алатын жұмысшылар, компанияда жұмыстың бір сәтте тоқтамағанын айтады. Олар жаңа жол салумен, ескісін жөндеумен, көпір құрылысымен айналысады.

Алик ШИЛЛЕР, ЖҰМЫСШЫ:

Шындығын айтқанда, жұмысқа келу үшін көршіден қарызға ақша алып жүрмін. Мен ғана емес, осы жердегі қаншама жұмысшы қарызданып-қауғаланып қалды. Әрі қарай күніміз не болады?

Еңбек инспекциясыда бұл жағдайдан хабардар екен. Прокуратураның ұсынымымен жуырда компанияға тексеру жүргізілген. Жалақыны кешіктіргені үшін, айыппұл салынғанын жеткізді.

Аслан МАХАТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ:

Біздер ТОО «КТП» мекемесін тексеріп оған тиісінше айыппұл салып, нұсқама бердік. Бүгінгі күні 30 миллионға жуық жалақы бойынша берешегі бар. Қыркүйек, қазан айларына.


Серіктестіктің аймақта қарқынды жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Бүгінде өңірге, ірі компания ретінде танылған. Қала ішіндегі ғана емес, облыстағы жол құрылысымен де  айналысады. Басшылық айлықтың кешігіп жатқанын былай түсіндірді.

Захар АРОНОВ, ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жұмысшылардың жалақысын кешіктіріп жатқанымыз рас. Уақытша қиындық. Біздер қызмет көрсетуші банкті ауыстырып, шоттарымыз біршама уақыт жабық болды. Бүгінгі күні бұл сұрақ шешілді. Жалақыны беруді бүгіннен бастаймыз.

Кәсіпорын басшысы бүгін кешке дейін шу көтерген жұмысшылар жалақысын алады деп сендірді. Бірақ толық емес, бір бөлігін ғана бермекші. Қалғанын айдың аяғына дейін өтеуге уәде берді.

Б. Рахметова