Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Алматыда бөлім басшысы қарамағындағылардан ақша жинап, балағат сөз айтқан

AstanaTV
11.12.2020ж. 20:00
3325
Алматыда бөлім басшысы қарамағындағылардан ақша жинап, балағат сөз айтқан

Қарамағындағыларды балағаттап, ақша бопсалайтын тағы бір шенеунік пайда болды. Желіде Алматы әкімдігіндегі экология бөлімінің басшысы Қайрат Тоқтасыновтың дауысына ұқсас аудио хабарлама пайда болды. Ол, қатардағы қызметкерлерді қорқытып ақша жинап жинайтын көрінеді. Дөрекілігімен елді дүрліктірген дауыс кімдікі? Аршын Кемелжан анықтап көрді.

Әлеуметтік желі арқылы тараған бұл аудио жазба кейіннен өшірілді. Алайда, көшірмесі ғаламторды әлі шарлап жүр. Дауыстың астында, "Алматы қалалық экология бөлімінің басшысы Қайрат Тоқтасынов", деген жазу бар. Қаладағы экологтар басшының дауысын танығандарын айтады.

Ғалия ТӨЛЕГЕНОВА, ӘУЕЗОВ АУДАНЫНЫҢ БАС ЭКОЛОГЫ:

Нұрсұлтан деген жігіт әжесі қайтыс болып бір күн жұмысқа келмегені үшін осындай айқай-шу шығарды, деді.... Осы бірінші желтоқсанға қарсы бізге премия берді. 60-70 мыңнан. Сол премияны алған кезде қоластында істейтін жігітке «бар да аналардан 10 мыңнан жинап алып кел», депті. Ақша жинайтын бірінші күн емес, осы кісі жұмысқа келгелі бері осы ақша жинаумен келе жатыр.

Қызметкерлердің айтуынша, Қайрат Тоқтасынов жәй балағаттамайды, қарамағындағыларға ол жұдырық та алып жүгіретін көрінеді. Бөлім бастығының өзі айтпақшы, аудиодағы дауысты мойындады.

Қайрат ТОҚТАСЫНОВ, АЛМАТЫ Қ. ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ол менің дауысым ия. Бәрі клевета, оларды мен әлі сотқа беремін. Бұлардікі бірақ мәселе осы менің орныма таласқалы төрт жыл болды. Мен тазамын. Қазір біреуді ұратын заман ба.


Қалай болғанымен басшыға шағымданып 15 эколог арыз жазған. Бұл дауға қатысты әкімдікте осы уақытта қызметтік тексеріс жүріп жатыр.

Нұрғали СЫРТАНОВ, «АЛМАТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ» МЕКЕМЕ ДИРЕКТОРЫ:

Қызметтік тергеу аясында Қайрат Тоқтасыновтан түсініктеме алынды. Қазіргі уақытта аталған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің қызметкерлерінен жазбаша түсініктемелер толық құрамда жинау жұмыстары жүргізілуде.

Тергеу барысы туралы шенеуніктер ашып айтпады. Ал, нәтижесі келесі аптада жариялануы тиіс.

А. Кемелжан