Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Биыл қаржылық пирамидалардың қалтасына кеткен қаражат 8 млрд.теңгеден асады

AstanaTV
15.12.2020ж. 20:00
2751
Биыл қаржылық пирамидалардың қалтасына кеткен қаражат 8 млрд.теңгеден асады

Биыл қазақстандықтар қаржы пирамидаларының қалтасына 8 млрд теңгеден аса қаражат салып берген. Соған қарамастан ел ішінде оңай пайдаға кенелгісі келетіндер азаяр емес. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялады. Қаржы пирамидасының қармағына түспеу жолы қандай? Қаржыгерлер қандай кеңес бере алады? Тілшіміз анықтап көрді.

Алматылық Бақытжан Жүнісбеков "аузы күйгенін" мойындайды. Оңай табыс болмайтынын жақсы түсінген. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын талай адамды қақсатқан қаржы пирамидасына мың еуро салыпты. 200 пайыз табысқа кенелемін дегенге алданғанын білгенде сан соққан. Енді шетелдік алаяқтар қаражатты қайтарады, олар жауапсыз қалмайды дегенге мүлде сенбейді.

Бақытжан ЖҮНІСБЕКОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Арыз жазайық десек ол компаниялар Қазақстанда тіркелмеген шетелдік компания, олардың бас кеңсесі Украинада екен. Кейін олар қайтарып береміз деп уәде берген болды. Бірақ әлі күнге дейін бір тиын бермеді.

Аталған компанияға біздің елден мыңнан аса тұрғын алданып, 1 миллиард теңге аударып жіберген. Бұл - алаяқтық фактінің бір ғана көрінісі. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің саны 40 мыңнан асып жығылады. Желге ұшқан қаражаттың көлемі 8 млрд. 300 миллион теңгеден асқан. Қаржыгерлер пирамиданың бірнеше айқын белгілеріне мән беруге шақырады. Күмәнді мекемелерге қаражат аударғанда сақ бол керек екенін ескертеді.  

Дмитрий АКМАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ БАС МАМАНЫ:


Қаржылық пирамида өкілдері аз уақытта көп ақша береміз деп сенімді түрде айтады. Ешқандай қауіп-қатер туралы сөз болмайды. Олардың ұсынатын пайыздық үстемақылары да тым жоғары. Өзіңнен кейін адам тіркелсе, одан көп ақша аласың деп те уәде береді. Дәл осы белгілерге қарап, сақ болу керек.


Алаяқтар қазір баспанаға ауыз салған. Инвестициялық немесе тұрғын үй кооперативтерін құру арқылы. Тіпті желілік маркетинг, туристтік клубтар ашып та азаматтардың қомақты қаражатын иемденіп жүр. Дейтұрғамен қаржы пирамидалардың ғұмыры да қысқа болып келеді. Олар көбінесе орташа есеппен 2 немесе 3 ай ғана жұмыс істейді.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:
 
Қазір қаржы пирамидаларының көбі желілік маркетингті де желеу етіп, жұртты алдап соғатындары кездеседі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтардың қақпанына түспеу үшін үш нәрседен қашық болуды айтты. Ол: Өте жоғары пайыздық табыс, Алғашқы жарна салу және Артынан адам жинау.  

А. Кемелжан