$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде 23 отбасы бір жетіден бері ауыз сусыз отыр

AstanaTV
19.01.2021ж. 20:00
2316
Ақтөбеде 23 отбасы бір жетіден бері ауыз сусыз отыр

Ақтөбенің іргесіндегі Қарғалы ауылында 23 отбасы бір жетіден бері ауыз сусыз отыр. Қара суды бес литрлеп сатып алып ішіп отырған жандардың арнайы мекемелерге өкпесі қара қазандай. Барак типтес вагон үйлерде қыс кіргелі жөнді жылуда жоқ. Тамақ істеу үшін көрші жағалап су сұрайтын тұрғындардың жайын тілшіміз Бақыт Рахметова біліп қайтты.

Мына аядай бөлмеде ерлі-зайыпты екі баласымен, екі жылдан бері тұрып келеді. Қырқынан да шықпаған шақалақ бөпесіне салқын болса да басқа амалы жоқ. Ал ауыз суды сатып алып ішіп отыр. Оның өзін үнемдеп пайдалануға мәжбүр.

Гүлзира ЖЕТЕНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мың жарым теңге ананың өзі. Ыдысы мың теңге суы бес жүз теңге ол 20 литр су бір жетіге ғана жетеді. Тамақ шай бар. Кейде сусыз отырамыз. Көршілерден сұраймыз.

Пана қылып отырған барак типтес вагондар 1989 жылы құрылысшылардың жатақханасы болған. Қазір мұнда 23 отбасы тұрып жатыр. Дені әлеуметтік жағынан аз қамтылған. Көпбалалы аналар, мүгедек жандар. Әр қайсысының кем дегенде 2-ден баласы бар. Олар судан әбден таршылық көрген. Тіпті бір-бірінен су сұрайтын күндері болады.

Сарыалтын СҮЙІНШАЛИНА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ал міне бір жеті болды су жоқ. Анадан сұраймыз мынадан сұрайсың. Жұрт қашаңғы бере береді. Бір күн сұрайсың, екі күн сұрайсың қайта-қайта бара беруге ұяласың да. Сусыз қиын. Кір жуылмай тұр. Тек тамаққа аламыз. Тамақ істеп, шай қайнатамыз болды.


Гүлмира ШАБАРОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жалғызбасты анамын. Бес балам бар, екеуі мүгедек. Мүгедек кіші балама күнде суға түсу керек. Әйтпесе денесі қызарып, бөртіп кетеді. Ақбұлаққа, әкімдікке айттық. Еш нәтиже жоқ. Өздерің қазыңдар дейді. Қалай қазамыз. Қиналып кеттік. Бізде адамбыз ғой.

Бұл үйлерге тек жылу мен жарық ғана тартылған. Көгілдір отын жоқ. Жылудың өзі мардымсыз, электр пешін пайдаланады. Тұрғындар судың жағдайын айтып арнайы мекемеге хабарласқан. Олар ауыз су келіп тұрған құбыр қатып қалғанын анықтаған. Бірақ жібітіп, су бергеннің орнына үнсіз кетті дейді. Жауаптылардың
бізге берген жауабы да қысқа болды. "Ауылға су келіп тұр, ал үйлерге баратын құбырдағы қатқан суды ерітуге тұтынушылардың өздері жауапты" деді. Әкімдіктегілер болса тұрғындардың жайын бізден естіді.

Бақұзақ ДАРИН, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ «АЛМАТЫ» АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


«Ақтөбе су энержи групп» деген АҚ сөйлесеміз. Көмектесу керек сусыз отырса адамдарға. Дәл қазір шешемін деп айта алмаймын. Ақбұлаққа шығамыз. Олардың басшылары бар. Көлікпен, техникамен қаздырып, нетіп басқа амал жоқ сұраймыз.


Тұрғындардың ауыз су мәселесі қашан шешілетіні беймәлім. Өйткені бұқараның жер қазып құбыр жөндейтін қауқары жоқ. Сондықтан күн жылынып, құбыр суының ерігенін күтуден басқа амалы жоқ.  

Б. Рахметова