$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елордалықтар өзен бойындағы ойын алаңқайына наразылық танытты

AstanaTV
28.01.2021ж. 20:00
1763
Елордалықтар өзен бойындағы ойын алаңқайына наразылық танытты

Елордалық 6 жасөспірім сырғанақ бананға мініп төңкеріліп түскен. Ата-аналарының айтуынша жастар түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізіліпті. Ал, сырғанақты жетектеген квадратцикл иесі дереу ізін суытқан. Желіде желдей ескен осындай ақпарат көптің назарына ілікті. Қауіпті іске барғандар жазасын алған. Алайда, жұмысын жалғастыра беретін көрінеді. Балалар ойын алаңқайлары қаншалықты қауіпсіз? Әріптесім Ғалымжан Өтемісов тексеріп көрді.

Иә, әлеуметтік желіде көптің талқысына түскен ата-аналардың жазбасы жаға ұстатады. Елордалық Татьяна Руденко баласының көңіл көтерем деп жазым болғанын айтты. Айтуынша, балаларға квадратцикл жүргізушісі ешқандай нұсқаулық жүргізбеген. Тіпті қауіпсіздік киімдерін де ұсынбаған көрінеді. Осының салдарынан, қам-қаперсіз балалар аударылып, түрлі дене жарақаттарын алыпты. Есінен танып, аяқ-қолы сынғандары да бар.

Татьяна РУДЕНКО, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балалардың жағдайы ауыр. Абырой болғанда бәрі аман қалған. Бірақ жарақаттары ауыр. Жүргізуші қашып кеткен. Ол жазасыз қалмау керек. Мұндай бей-берекет әрекеттерге басшылықтағылар да бей-жай қарамаса екен.

Оның сөзін басқа ата-аналар да қоштады. Дегенмен қанша қатерлі болса да, балаларының көңілін қалдырғысы келмейтіндерде бар екен.  

БЛИЦ:

- Әрине сырғанайтын орын болғандықтан мұз бар дегендей қауіпті ғой. Құлап қалуы мүмкін. Бірақ келіп тұрамыз.

- Білмейм, былай ниче кажется, бірақ катоктардың кішкене нелері бар.


Ал, жергілікті ойын алаңқайларының басшылары көп кәсіпкерлердің қауіпсіздік шараларын сақтамайтындарын мойындады. Дегенмен, барлығы бірдей емес,-дейді. Мәселен, кәсіпкер Ерлік Өтебеков балаларды ата-аналарынсыз сырғанақ бананға отырғызбайтынын айтты.
   
Ерлік ӨТЕБЕКОВ, КӘСІПКЕР:

Құлап қалса біз жауап береміз ғой. Сондықтан, желет пен каска кигіземіз. Өйткені рұқсат алған кезде бізге сондай талап қойылған акиматтан.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Қыс басталды дегелі, балалар қардағы ойын-сауыққа асығады. Дегенмен күнделікті оқыс жағдайлардың болып тұратынын да көзіміз көріп жүр. Ал кәсіпкерлер балалардың денсаулығына зақым келмес үшін барлық қауіпсіздік шаралары толықтай сақталған деп отыр.

Ал жоғарыдағы ата-аналардың арызы бойынша полиция іздеуге дереу кіріскен. Кінәлілер анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.  
 
Эльмира ШАУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


Қауіпсіздік белдіктері мен мото шлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамағын үшін кінәлілерге қарсы ҚР әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 593 бабы бойынша хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Айыппұл салынғанымен, істе қылмыс құрамы жоқ,- деді полицейлер. Ойын-сауық алаңдарына ай сайын тексеріс жүргізетіндерін қосты. Десе де, сақтықта қорлық жоқ деген құқыққорғаушылар ата-аналардың да мұқият болуын сұрайды.

Ғ.Өтемісов