$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралдық зейнеткер өзінің тірі екенін дәлелдеді

AstanaTV
16.02.2021ж. 20:00
1896
Оралдық зейнеткер өзінің тірі екенін дәлелдеді

Оралдық зейнеткер Мәнсия Жақыпова өзінің тірі екенін дәлелдеді. Әліптің артын бақсақ, қария 10 жыл бойы өлгендердің тізімінде жүрген. Бірақ зейнетақысын уақытында алып келген. Жуырда ғана алашағы түспеген соң, банкке барып мән-жайға қанығыпты. Биыл жетпіс бірге толған қария дін аман, тіпті талайды баудай түсірген коронавирус дертімен де ауырып үлгірген. Тірілердің тізіміне қайта қосылуға тырмысқан оралдық тұрғын туралы келесі бейнематериалда.

Орал қаласының тұрғыны Мәнсия Жақыпова зейнетақысы бірнеше күнге кешіккен соң, мән-жайды білу үшін банкке барған. Ондағылар мардымды жауап айта алмай, біраз әуре-сарсаңға түседі. Кейін өзінің дүние салғаны туралы қаралы хабарды естіпті.

Мәнсия ЖАҚЫПОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:


Куәлігімді қыздар қарады да, 2-ші қабатқа көтеріліп кетті. Сосын маған выписка әкелді де: Апа, вы списке умерших», - деді. Мен айттым: «қалай умерший? Я же перед вами стою! Справка о смерти кім берді сендерге?» дедім. Куәлігім өзімде, әдетте қайтқан кісілердің куәлігін алып қояды ғой.


71 жастағы зейнеткер қағаз жүзінде, 2011 жылы дүние салыпты. Бірақ неден қайтыс болғаны белгісіз. Жеке тұлғалардың деректері жинақталған базадағы мәлімет осындай. Дейтұрғанмен содан бері қарияның зейнетақыны қалай алып келгені де белгісіз. Мұны жауаптылар да түсіндіре алар емес. Дегенмен көші-қон мамандары «бұған біз кінәлі емеспіз» дейді.

Қанат МҰҚАНОВ, ОРАЛ қ. ПБ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

2005-2011 жылдары азаматтарды тіркеу ісімен Орал қалалық Әділет департаменті айналысты. Мәнсия Жақыпова сол 2011 жылы қайтыс болған. Содан бері ол өлгендердің тізімінде. Бірақ іс жүзінде өзі тірі, Орал қаласында тұрады, еш кедергісіз зейнетақысын да алып келген. Бұған біздің қатысымыз жоқ.

Асқар ҚОЖУМОВ, «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АҚ БҚО ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің мамандардың тіпті қатысы жоқ. Пенсиясын тоқтатты, келесі күні келді. Қыздар түсіндіріп айтты. Миграция бізге тірі деп хат жазып берді. «Документтері дұрыс, факты смерти не имеется» деп. Сол хат бойынша бұл кісінің шотына бүкіл пенсиясы базалық зейнетақысы, бүкіл алатын ақшасы түгел түсті.

Жауапты органдардың табалдырығын тоздырған зейнеткер тірі екенін ақыры дәлелдепті. Енді оны екі күннен кейін тірілердің қағаздағы қатарына қоспақ. Ал тірі адамды өлді деп қателескендердің үстінен, енді қызметтік тексеру жүргізілмек. Ал, қария денсаулығы да жоқ екенін айтып, арызданудан бас тартып отыр.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Көші-қон мамандар мұндай жағдайдың қазір таңсық емес екенін айтады. Мысалы, 2010 жылы да Орал тұрғыны қағаз жүзінде көз жұмыпты. Кейін құжаттары қайта рәсімделіп, тірілердің тізіміне қосылған. Демек, құжаттағы қатеден әлде базадағы ақаудың кесірінен әлі қанша тірі жанның өлгендер санатында жүргені белгісіз.

Е. Карин