Алматы облысында аурухана қызметкеріне, тағы да шабуыл жасалды. Бұл жолы Еңбекшіқазақ ауруханасындағы жедел-жәрдем қызметінің жүргізушісіне, науқастың туысы пышақ ала жүгірген. Тіпті жұдырық жұмсап үлгеріпті. 54 жастағы ер адам, қазір ауруханада жатыр. Алматылық әріптесім Әсем Лесбек, тақырыпты тарқатады.
Есік қаласының тұрғыны, Еңбекшіқазақ ауруханасынан жедел-жәрдем шақыртқан. Алғашқы медициналық көмек, 13 минутта жеткен. Олар науқаста биологиялық өлімнің болғанын анықтапты.
Сәндібек ЕРЕКЕНОВ, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ КӨПСАЛАЛЫ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ЖӘДЕЛ-ЖӘРДЕМ БРИГАДАСЫНЫҢ ФЕЛЬДШЕРІ:
Келген кезде науқасты қарап тексердім, ол жерде биологиялық өлім тіркелді. Оны туыстарына түсіндіріп жеткіздім. Ұлы бар екен ол кісі пышақ алып біздің жүргізушіге қарай жүгіріп неге кешігесіңдер деп, балағаттап. Екінші санат бойынша шақырту болған. Біз шақыртуға уақытпен қарағанда 13 минутта жеттік.
Дәрігерлер марқұм бұған дейінде жүрек талмасымен ауруханаға түскен деп отыр. Ал бұл жолы барғанымызда, оның жағдайының қатты ушыққанын, өмірін сақтап қалудың мүмкін болмағанын аңғардық дейді. Ал қаралы хабарды естіген марқұмның туыстары дәрігерлерге атыла жөнелген.
Нұрғали ОМАР, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ-ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ол кісі таңертеңнен бері басым ауырып тұр, жүрегім ауырады деп шағымданған екен. Бірақ жедел-жәрдем шақырмаған. Есіктің алдында жүрген кезде есінен танып құлап сол кезде бірақ шақырған. Тексеру барысында уже биологялық өлім болған. Жедел-жәрдемнің каталкасын ұстап тұрған жүргізушінің арт жағынан келеді де ер адам, ұрады. Жүргізушінің мұрнынан қан кетеді.
Жедел-жәрдем мамандары мәйітті туыстарының өтініші бойынша ауруханаға алып келгендерін айтады. Мұндағы дәрігерлерде өлім дерегін растап беріпті. Марқұмның ұлы сол кезде жәдел-жәрдем қызметкерінің жағасынан тағы да тап берген. Оқиға мұндағы бейнебақылау камераларына түсіп қалғанымен, оны алу бізге мүмкін болмады.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Медициналық мекеме қызметкерлерінің айтуынша ер адам жүргізушіні осы жерде аяусыз соққыға жыққан. Басынан қатты зақым алған 54 жастағы жүргізуші қазір осы ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауырлықта деп бағалады.
Дидар АЙТЖАНОВ, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ КӨПСАЛАЛЫ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бастың жабық жарақаты, мидың шайқалуы, диагнозымен келіп біздің қабылдау бөліміне түсті. Жалпы жағдайы қазір орташа, керекті тексеру, ем тағайындалды. Бес-алты күн, сегіз күнге дейін жатуы мүмкін.
Қазір жәбірленген жүргізуші мен аурухана басшылығы бұл іс бойынша полицияға арыз жазған. Тексеру нәтижиесінде соққыға жыққан азаматтың жасы 37 де екені анықталды.
Ақбота ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Тексеру барысында 1984 жылғы Есік қаласының жергілікті тұрғыны екені анықталды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 107-бабының 1-ші бөлігі яғни денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ Полииция бұл іс бойынша екі жылға түрмеге қамалуы мүмкін екенін айтты. Естеріңізге салсақ, осыдан екі апта бұрын Талғар аудандық ауруханасында дәл осындай жағдай болған еді. Онда «соқырішек» диагнозымен түскен науқастың ұлы, хирург дәрігерді ұрған еді. Дәрігер ауруханаға түсіп, ашуын ақылға жендіре алмаған жігітке қылмыстық іс қозғалған болатын.
Ә. Лесбек