Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Шахан кентінде қазандық дауы бітер емес

AstanaTV
06.04.2021ж. 20:00
1121
Шахан кентінде қазандық дауы бітер емес

Қарағанды облысының аты шулы Шахан кентінде қазандық дауы бітер емес. Тұрғындар жылу орталығы енді іске қосылады-ау дегенде, оның ақысын қалталары көтермейтінін білген. Әр пәтерге жылу жеткізу үшін мердігерлер 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін сұраған. Ал қарапайым халық бұл соманы қайдан табарын білмейді. Орталық алаңда жиналған халықтың жайайқайын тілшіміз тыңдап қайтты.

Алпысты алқымдаған Юрий Алкин 30 жыл шахтада жұмыс істеген. Жылдар бойы пеш жағып, баспанасын жылытып жүр. Қазандық салынып, оған қосыламыз деп жүргенде, орталықтан тараған жылуды баспанасына тарту 500 мың теңге төлеуі керек екенін білген. Зейнеткер қомақты қаржыны қайдан аларын білмейді.

Юрий АЛКИН, ШАХАН КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

500 мың теңгені тауып бере алмайтыным анық. Алатыным 90 мың. Мен өмір бойы өз күшіме ғана сенген адаммын. Соншама ақшаны жинау мен үшін мүмкін емес.

Осылайша қазандық салынғанымен оның жылуы қолжетімсіз екенін білген жұрттың билікке өкпесі қара қазандай. Жергілікті әкімнің сөзіне құлақ асар емес. Бұған дейін шенеуніктер әр пәтерге жылу тарту үшін 200 мың теңгеден 500 жүз мың теңгеге дейін ақша төлейтіндерін айтқан. Шахандықтар бұл соманы қалтамыз көтермейді, - дейді.

Ақмарал АХМЕТОВА, ШАХАН КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:


235 мыңнан 500 мыңға дейін деген не сұмдық мынау? Бәрінде мен ойлаймын 4-5 баладан бар деп. Қалай сонда біз аштан аш жтм- ға тапсырайық па, не істейік? Правителство  қайда қарап отыр біздің сонда? Жартысы алқаштар, например, олар төлей алмайды. Солар үшін біз страдать етуіміз  керек па сонда?

Жергілікті биліктің айтуынша, аты шулы қазандық 2 млрд теңгедей қаражатқа салынған. Кенттегі 11 әлеуметтік нысан оған тегін қосылады. Ал қалған жүзге жуық үй тұрғындары орталық қазандықтан жылуды өз күштерімен тартып алуы тиіс. Бұл шығынды Үкімет көтере алмайды.

Ғалым ӨМІРБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ШАХАН КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:


Үкімет өз ақшасынан үйдің ішіне істеп бере алмайды. Үкімет өз ақшасына котельный салып жатыр, теплосеть тартып жатыр, үйге дейін әкеп береміз и қосып береміз үй дайын болғанда. Сол ақша сонша шықты. Паралельно спонсорлар іздеп жатырмыз. Действительно қиын жағдай болса ол кісілерге көмектесеміз.

Еске салсақ, осыдан 4 жыл бұрын Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің жертөлесіндегі қазандық жарылған еді. Салдарынан үйдің бүкіл бір подъезі құлап, 9 адам қаза тапқан. Оның үшеуі бала. Төтенше жағдайдан 14 баспана бүлінген болатын. Осыдан кейін ғана 15 жыл бойы шешілмеген қазандық салу мәселесі алға жылжыған болатын. Алайда оның жылуына тұрғындар қашан қол жеткізері белгісіз.

А. Қуаш