$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралда жұмыссыздар екі есеге көбейген

AstanaTV
27.04.2021ж. 20:00
1471
Оралда жұмыссыздар екі есеге көбейген

Пандемияның кесірінен жұмыссыз қалғандар көбейді. Бір ғана Орал қаласында былтырдан бері екі қолға бір күрек іздегендердің саны екі есе артқан. Өңірдегі кәсіпкерлер палатасының дерегінше, карантиннен зардап шеккен кәсіпкерлер де аз емес. Аймақтағы әріптесім Еркін Карин тақырыпты тарқатады.

Карантин талаптары күшейтілгелі бері, халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандарының жұмысы тұралап қалды. Қарызға батып, өз ісін ашқандары да не істерін білмей, дағдарып отыр.

Туғанай САТЫБАЕВА, КӘСІПКЕР:

Қазір бізді ауру қорқытып тұрған жоқ. Бізді қорқытып тұрғаны – алдағы болашағымыз. Ары қарай не жейміз, ары қарай қалай күн көреміз? Балаларымыздың жағдайын қалай жасаймыз?

Кәсіпкерлер палатасының дерегінше, өңірде 13 мыңнан астам бизнесмен зардап шеккен. Бұлар - қоғамдық тамақтану саласы, облысаралық жолаушы тасымалы, балаларға арналған орталықтар, дәмханалар мен кинотеатрлар.

Эльмира ӨТЕШЕВА, БҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бүгінгі таңда облыста 400-ге тарта кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр. Мұнда үш жарым мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қазір олардың бәрі жұмыссыз деуге болады.

Жергілікті жұмыспен қамту орталығы да, жұмыс іздегендердің былтырғыға қарағанда екі есеге көбейгенін растайды. Дегенмен кәсібіне сай жұмыс тауып беріп, 1500-дей адамды мемлекет қамқорлығына алған.

Айнұр ҚАЗМҰХАНОВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінгі күні жұмыспен қамту орталығында дәрігер, медбике, сантехник, құрылыс саласында жұмыс басталуына байланысты құрылыс саласына жұмысшылар керек. Есепші, әкімгер сияқты мамандықтарға сұраныс көп.

Жауапты министрлік, биыл 1 шілдеден бастап, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы - ұлттық жобаға ауыстырылатынын мәлімдеді. Заман талабына сай, бағдарлама жаңа механизмдермен жетілдірілмек.

Серік ШӘПКЕНОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Ағымдағы жылы біз 1,2 млн. адамды жұмыспен қамту шаралары арқылы қолдауды жоспарлап отырмыз. Олардың 700 мыңын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен, 32 мың адамды жұмыспен қамтудың жол картасымен, 440 мың адамды өзге де мемлекеттік бағдарламалармен қамтимыз.


Бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Жұмыссыздарды қысқа мерзімді оқытуға көңіл бөлініп, техникалық және кәсіби білім беріледі. Сондай-ақ кәсіпкерлікке бейімі бар жандарға 5 мың микронесие мен 21 мың грант таратылмақ. Ал үшінші бағыт бойынша еңбек нарығына бейімделуі қиын 130 мыңдай адамға қолдау көрсету жоспарланып отыр.

Е. Карин