Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Төрт айда төрт мыңға жуық жол-апаты болған

AstanaTV
17.05.2021ж. 20:00
1766
Төрт айда төрт мыңға жуық жол-апаты болған

Батыс Қазақстан облысында екі жүк көлігі соғылып, артынша отқа оранды. Оқиға орнында көлік жүргізушілері және 33 жылқы өртеніп кеткен. Бұл бір ғана факт емес. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, жол апатынан көз сүрінеді. "Ранкинг кз" агенттігінің дерегіне сүйенсек, елде соңғы 4 айда 4 мыңға жуық жол-апаты болып, 5 мыңнан астам адам зардап шеккен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артық. Әріптесім Бекболат Сатуов, жол көлік апаттарының неге азаймай отырғанын анықтап көрді.

Жантүршігерлік жол апаты, Батыс Қазақстан облысындағы "Самара-Шымкент" тас жолында болған. Көліктер түгі қалмай өртенген. Облыстық полиция департаменті бұл апатқа, көлік тізгініндегі түрік азаматы кінәлі болуы мүмкін екенін айтты. Өйткені ол басқарған жүк көлігі қарсы бетке шығып кетіп, тіркемесіне 40 жылқы тиелген «КамАЗ» көлігіне барып соғылады. Соққының қатты болғаны соншалық, екі жүк көлігі де бірден жүргізушілерімен бірге отқа ораныпты. Ал апаттан аман қалған бір жолаушы түрлі жарақатпен Сырым аудандық ауруханасына жеткізілген. Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Мөлдір САДЫРҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде «Мерседес» және «Камаз» автокөлігінің жүргізушілері оқиға орнында көз жұмып, «Камаз» автокөлігінің жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар «Камаз» автокөлігінде болған 40 жылқының 33-і өртеніп кеткен болатын. Қазіргі таңда ҚР ҚК345-бабы, 4-бөлігіне сәйкес, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.


Дәл осыған ұқсас факті бүгін Алматы облысында да тіркелді. Қарасай ауданына қарасты автожолдағы кептеліс кезінде арақашықтық сақтай алмаған жүк көлігі, алдындағы жеңіл көлікті соққан. Инерциядан Мазда көлігі екі жүк көліктің ортасында мыжылып қалды. Қазір жеңіл көлік жүргізушісі жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген. Айта кетейік, жол-көлік оқиғалары бойынша Алматы облысы көш басында. Мұнда республикадағы барлық жол-көлік оқиғаларының төрттен бірі тіркеледі екен. Үштікті Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы толықтырады. Мұны құзырлы мамандар растады. Жауыптылар көбіне оқыс оқиғаларға жүргізушілер кінәлі дейді.

Ақтоты БОРАНОВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Жол-көлік оқиғаларының саны 10 пайызға, қаза болғандардың саны 5 пайызға және де жарақат алғандардың саны 13 пайызға өсім алып отыр. Қозғалыстың қарама-қарсы бағытына шығып басқару, жаяу жүргіншілердің жол ережелерін бұзуы немесе белгіленген жерлерден өтіп кетуі. Сол сияқты осы жол белгілерінің талаптарын бұзу салдарынан, келеңсіз жағдайлар орын алып жатады.


Құзырлы орган мамандары жол-көлік оқиғаларының 96 пайызы жүргізушілердің кінәсінен екенін айтады. Жауаптылар жүргізушілердің жауапкершілігі артпаса, көрсеткіштерді төмендету мүмкін емес деді.

Б. Сатуов