Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Бір күнде үш мектеп оқушысы суға кетті

Бір күнде үш мектеп оқушысы суға кетті

Бүгін Қостанай қаласында 9-сынып оқушысы суға кетіп, қыршынынан қиылды.  Соңғы қоңырау шарасынан шыққан  жасөспірім достарымен бірге мектеп жанындағы көлге барған. Бірақ  бұл жерге  суға түсуге тыйым салынса да олар оны елемей, шомылған. Хабарлама түсе салысымен жеткен құтқарушылар баланың денесін судан алып шықты. Бірақ ол көл түбінде көз жұмған. Қалалық білім бөлімі    барлық білім беру ұйымдарында  бүгін кезекшілік ұйымдастырылғанын айтады. Ал  мектептен тыс жерде бала қауіпсіздігі  үшін ата-ана жауапты,-дейді мамандар.
 
Евгений ТЕРЕНТЬЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Каникул қарсаңында барлық мектептерде  ата-аналармен онлайн жиын өткіздік. Төтенше жағдайлар басқармасының  қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырдық. Алдын алу жұмыстары ауқымды жүргізіліп жатыр. Десек те, баланың аты бала ғой. Өзен-көлге аптығып тұрады. Ең қауіптісі олар шомылуға тыйым салынған жерлерге барады. Ата-аналар абай болса екен.

Елордада да 14 жастағы бала суға кетіп,ажал құшты. Ол   өзеннің тыйым салынған аумағында шомылған. Дәл осындай  жағдай Қызылордада да болды.  10 жасар оқушы суға батып кетті. Баланың мәйітін атасы өзеннен өзі алып шыққан. Бұл оқиғаға да тыйым салынған жерде шомылу себеп болып отыр.