$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алқабилер соты 12 жасар қызды зорлады деген айыпталушыны ақтады

AstanaTV
10.06.2021ж. 20:00
2407
Алқабилер соты 12 жасар қызды зорлады деген айыпталушыны ақтады

Елорда маңындағы Қараөткел ауылында 12 жастағы қыз баланы жарты жыл бойы зорлаған 3 қылмыскердің біреуі бостандыққа шықты. Педофилді абақтыдан босату алқа билердің жасырын дауыс беруімен шешілген. Жасөспірімнің туыстары мұнымен келіспейді. Қылмыстың барлық дәлелдері болса да сот шешімі күдіктіні бостандыққа жіберіп қойғанына ашулы. Ақбота Базарбай жалғастырады.

27, 29 жастағы 3 жігіт кәмелет жасқа толмаған қызға жарты жыл қиянат жасаған.  Жасөспірімге «біреуге айтсаң, өзіңді жаман атты етеміз» деп қорқытқан. Жәбірленушінің анасы сұмдық жағдайды естігенде есінен тана жаздапты. Оқиға болған жерді күдіктілердің бірі көрсеткен.   

Әсем, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:

19-жылдан басталған жағдай бұл. 20-жылдың июнь айында байқаусызда біліп қалдым қызымның мойнында қызыл дақ бар екенін. Содан қызымнан сұрап бастап едім, ол айтпады басында. Психологтармен сөйлесе келе соның барысында білдік износилование неоднократно болған екенін.
 

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Бір жыл бұрын дәл осы жерде 3 жігіт өздерінің арам пиғылдарын іске асырған. Тик ток түсіруге келген қаршадай қызды 3 жігіттің екеуі күштеп осында әкелген. Өкініштісі, бұл сұмдықты осы жерден өткен тұрғындардың ешқайсысы байқамаған.


Жасөспірімнің анасы сотқа бар дәлелді жеткіздік дейді. Арнайы зертханалық сараптама да қызды күдіктілердің зорлағанын растайды.  Ал мынау бейнежазбада күдіктілердің бірі жасаған әрекетін мойындаған.  

25-мамырда Көкшетауда өткен сот отырысында 3 күдіктінің екеуіне қатысты сот шешім шығарды. Біреуін 20 жылға, екіншісін 21 жылға бас бостандығынан айырды. Және әрқайсысы 2 миллион теңге моральдық шығын өтейді. Ал үшінші күдікті сот процесін  алқа билердің   қатысуымен өткізуді талап еткен.  Нәтижесінде алқаби мүшелерінің жартысынан астамы  қылмыскерді кінәсіз деп тауып, оны толықтай ақтап шықты.
 
Торғалы БЕКТҰРСЫНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Қатысушылардан 10 алқаби және 1 сот дауыс береді. Әрқайсысында 1 дауыстан болады. Соттың басқалардан артықшылығы жоқ. Шешім көпшілік дауыспен қабылданады. Әрқайсысы өз ұятымен, ар-ожданымен, және ішкі түйсігімен дауыс береді.  


Бұл шешіммен келіспеген жәбірленуші тарап «НЕмолчи» қорына шағымданды.  Қоғамдық белсенді Дина Смайылованың айтуынша алқа билердің алдына қылмыскерлер туралы ақпарат  толық жетпейді.  

Дина СМАИЛОВА, «НЕМОЛЧИ» ҚҚ БАСШЫСЫ:

Қазақстандағы алқабилер соты бұл барлық жағдайда қолданатын тәсіл емес. Мен алқабилерге сот процесі туралы барлық ақпараттың берілмегеніне ашуландым. Олар кейбір ақпаратты біржақты қабылдап, эмоционаға беріліп кетеді деп қорқады. Бірақ кешіріңіз, сіз оларды төрешілер деп таңдап алдыңыз, яғни барлық дәлелдермен таныстырыңыз.


Қыздың анасының айтуынша, алқа би құрамының дені-мұғалім. Ал босап шыққан қылмыскердің туысы-мектеп директоры. Сондықтан олар мектеп директорымен ауыз жаласып,  әділетсіз шешім қабылдады дейді. Бұл қылмыстық сот ісі бір жылға созылған. Енді жәбірленген қыздың ата-анасы қайта апелляциялық шағым бермек.

А. Базарбай