Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Арыстағы жарылыста зақым келген үйлер түгелдей жөндеуден өтпеген

AstanaTV
31.08.2021ж. 20:00
2023
Арыстағы жарылыста зақым келген үйлер түгелдей жөндеуден өтпеген

Жамбыл облысының халқы да Арыстықтардың күйін кешпей ме? Жарылыс кезінде үйлеріне зақым келген Арыс тұрғындары атқамінерлерге әлі күнге ашулы. Арадан екі жылдан аса уақыт өтсе де 100-ге таяу баспана жөндеу көрмеген. Бұқара базынасын тиісті орындарға жеткізгенімен, шешілер түрі жоқ, дейді. Әріптесім Асылбек Данияр жауаптылардан жауап алып көрді.

Бұл Арыс қаласының тұрғыны Сейілхан Шонжановтың баспанасы. Жойқын жарылыстан кейін тұруға жарамсыз халге түскен. Қабырғасы жарылып, дуалы қираған. Апаттан кейін құрылған мемлекеттік комиссия үйді тұруға жарамсыз деп таныпты. Үй иесінің айтуынша, содан бері ешқандай да құрылыс жүргізілмеген. Ал, өзі отбасымен сол уақыттан бері пәтер жағалап жүр. Төзім таусылған ол, қазір жауапкершіліктен жалтарған мекемемен соттасып жатыр.

Сейілхан ШОНЖАНОВ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Соттан жеңіп шықтым, апелляциядан да жеңіп шықтым. Енді бұлар резинаны созып жатыр. Ешқандай құжат істелмеген, тағы алты ай сұрап жатыр.  Келіп оценка жасамайсыңдар ма десек коронавирус дейді.

- Сіздің үйден бөлек қанша үй бар жөнделмеген?

- Адвокат жалдап жүгіріп жүргендер көп.

Арыстықтардың дерегінше, 100-ге таяу үй жарылыстан кейінгі қалпында тұр. Қалалық құрылыс бөлімі болса, бұндай жөндеу көрмеген үйлердің санын білмейтін болып шықты. Бар айтқаны мынау...

Темірхан САТЫБАЛДЫ, АРЫС ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Кейбір үйлердің мәселесін шешу мақсатында 17 секторға жауапты болып бекітілген облыстарға әкімдіктің атынан хаттар жолданды.


Демек, мәселенің де шешілер күні белгісіз. Ал, Жамбыл облысындағы жарылыста 106 тұрғын үйге зақым келген. Оның 15-і күрделі жөндеуді талап етеді. Қалғандары қатты бүліне қоймаған дейді, өңір басшысы. Уәде бойынша қарашаға дейін тиісті жұмыстар аяқталады.

Бердібек САПАРБАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бүгіннен бастап бір үйдің жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Қалған үйдің жұмыстарын ертең-арғы күндері бастаймыз. Біз өзімізге міндеттеме алдық 2 айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз. Оған енді мүмкіндігіміз, құрылысшыларымыз бәрі жетеді.


Оқ-дәрі сақталған қоймаған жақын орналасқан Қайнар ауылының тұрғындары да әкімнің сөзіне сеніп отыр. Бар тілегі: суық күнге қалмай баспанамызға кірсек дейді.

Еркебай ӨСЕРБАЕВ, ҚАЙНАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Капитальный ремонт істеп береміз дейді. Бір айға жетпей істеп береміз деді ғой. Соған сеніп отырмыз.

Еске сала кетсем, Арыстағы жарылыс кезінде 8 жарым мыңнан аса үйге зақым келген. Оларды қалыпқа келтіру жұмыстары облыстар мен қалаларға бөлінген болатын. Өкінішке қарай, істің аяғына дейін жетпеген.

А. Данияр