Елімізде жанар-жағармай құю бекеттері бағаны қалай болса солай қойып отыр. Министрлік сұйық отын құнын үкімет реттемейді, деген сылтау айтты. Ал, қордағы дизельдің басым бөлігі ауыр жүк көліктерінің еншісіне кетеді, дейді. Құзырлы орындар елді неге жарылқай алмай отыр? Әріптесім Асылбек Даниярдың репортажы.
Шымкенттік кәсіпкерлер шырылдап жүр. Бизнесіміз тоқтап қала ма деп уайымдайды. Олардың 80 пайызында сататын өнім жоқ.
Берік ЖҰМАБЕКОВ, КӘСІПКЕР:
Дизель отынының бағасы 162 теңге өзіндік құны. Ал осы айда бізге осы Петросанның жаңағы оптовик компаниялары бар, жаңағы бізге берілмеген объемды өздері рынокқа шығарады. Олар бізге Дизель отынын 205 теңгеден ұсынды. Ал сол уақытта газпром мен синойл, энерджи, Қазақойлда 199, 193, 196 деген бағалар болды. Біз әрине оны 205-тен алып сата алмайтын болғаннан кейін жанар-жағармай бекетімізді жауып отырмыз.
Жауапты министрлік мәселені шеше алар емес. Баяғы жартас сол жартас. Сұйық отын тапшылығының болуы жанар-жағармайдың нарықтағы құны өте төмен болып, сұраныстың артуынан, дейді. Вице-министр мұндай тұтыну тарихта болмаған деп, өзі де аң-таң. Тағы бір фактор бар. Транзиттік жүк көліктері майды тонналап құйып алады. Оған неге шектеу қойылмайды?
Әсет МАҒАУОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жанар майды құятын бекеттерде ондай талаптарды өздері қойып жатыр 100-200 литрден. Өйткені, шектеу қоймаса олардың алдын ала сатып алған талондары бар, соларды бірінші кезекте қамтамасыз ету керек. Кейбір жанармай құятын бекеттерде тіпті, талонға көшу мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр.
Дизель отынының бағасы әр аймақта әр түрлі. 198 бен 270 теңге аралығында. Бірақ ведомство өкілі оны аса қымбат деп есептемейді. Өйткені, көрші елдерде бұған қарағанда қымбатырақ.
Әсет МАҒАУОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бензин болсын, дизель отыны болсын бағалар үкіметпен реттелмейді. Ол нарықты сұраныспен біздің өндірістің арасында өзінің тепе-теңдігін тауып сондай бағамен сатылуы керек. Сондықтан баға қандай болатынын ешкім айта алмайды.
2016 жылдан бері жанар-жағармайдың бағасын Үкімет реттемейді. Ол нарықтағы субъектілердің өз еркінде. Яғни кәсіпкерлер не істегісі келсе соны қалай істейді. Ал құзырлы органдар олардың қандай жолмен пайда көріп жатқанын, жұмыс сапасын ғана анықтайды дегенге келтірді Әсет Мағауов.
А. Данияр