Елімізде коронавирус жұқтыру дерегі азайып келеді. Соңғы екі аптада сырқаттану көрсеткіші 35 пайызға төмендеген. Десе де, Алматы қаласында әлі жағдай мәз емес, мегаполисте науқастанушылар деңгейі жоғары.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр наурыздан бері індетке 880 мыңнан аса тұрғын шалдыққан. Оның басым бөлігі жазылып шығыпты. Вирус белгілеріне ұқсас пневмонияны да жеңгендер әжептәуір көп. Бірақ, өкінішке орай, қатарласа жүрген қос аурудан 16 мыңнан астам адам қайтыс болды. Қазіргі таңда COVID-19 бен өкпе қабынуынан 60 мыңдай науқас емделіп жатыр. Сонымен бірге, сырқаттанғандардың азаюына байланысты, ауруханалардың кейбірі жабылып жатыр. Бірақ, бұл аурудан құтылдық дегенді білдірмейді.
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:
Ауруханаларға COVID-19 белгілерімен түскен 805 адамның жағдайы ауыр. 221 пациенттің хәлі өте ауыр деп бағаланып отыр. Тағы 139 науқас өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған.
Ал екпе салдыруы керек тұрғындардың алпыс бес пайыздан астамы вакцина алған. Эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастады. Министрліктің ұсынған жағдайды бағалау матрицасына сүйенсек: Республика бойынша Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстары "жасыл" аймақта. Қалған 10 өңір "сары", үшеуі "қызыл" белдеуде жатыр.
А. Данияр