$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елордалық мұғалімдерге құрмет көрсетілді

AstanaTV
01.10.2021ж. 20:00
2603
Елордалық мұғалімдерге құрмет көрсетілді

Жылдың үздік педагогтары анықталды. Биыл оныншы рет өткізілген дәстүрлі шара Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринның туған жері Қостанайда болды. Білім беру саласының кіл мықтылары қатысқан байқауда 64 мұғалім топ жарды. Олардың арасында Елордалық ұстаздар да бар. Мереке қарсаңында қала әкімі Алтай Көлгінов жеңімпаздарды құттықтап, құрмет көрсетті. Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Ұстаздарды ұлықтайтын байқауға үміткерлер елдің түкпір-түкпірінен қатысты. Олар- белгілі бір жетістікке жеткен балабақша қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары. "Үздік педагог" иегерлеріне арнайы төсбелгі мен 3 миллион теңге көлемінде  ақшалай сыйлық  табысталған. Топ жарғандардың арасында Нұр-Сұлтан қаласының 5 ұстазы бар. Соның бірі - Сарвар Кулметов, "Мәшһүр Жүсіп" атындағы №57 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі. Жұмыс өтілі – 10 жыл. Ол- мектеп тарихындағы алғашқы "Үздік педагог" иегері.

Сарвар ҚҰЛМЕТОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. "М.ЖҮСІП" АТЫНДАҒЫ ЖОМ МҰҒАЛІМІ:

Ғылыми жоба, ҰБТ саласында біраз оқушыларды дайындадым. Және сабақты әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып оқушылардың білімін арттыруға ықпал етіп келе жатырмын. Беделді, мықты ұстаздар жеткілікті, солардың арасында мен сол атаққа ие болды дегенде басында сенбедім. Сол марапатты қолым алғаннан кейін барып, өзімді үздік мұғалім ретінде қуанышқа бөленіп отырмын.

Конкурстың I-кезеңі онлайн форматта әр қалада ұйымдастырылды. Оған қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 60 педагог өтініш берген. Тек оның 16- сы республикалық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздардың қатарынан көрінгендердің арасында «Кәсіптік-техникалық колледжі» өндірістік оқыту шебері -Бейбіт Бибосынов  та бар. Ол  болашақ дәнекерлеушілерді даярлайды.  


Бейбіт БИБОСЫНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. "КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ" ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ШЕБЕРІ:

Бұны мен қиын деп айтпаймын. Бұл өзіміздің еңбегіміз ғой соны көрсете белдік. Соны республика деңгейінде жариялай білдік. Бұл тарапынан мен ешқандай қиындық көрдім деп есептемеймін. Бұл атақты алу үшін 10 жыл дайындалды деп айта аламын.

Қатысушылардың барлығына да қолдау көрсетілді.

Қалалық білім берудің жаңғырту орталығы оларға  сайыстың әр кезеңіне дайындалуына көмектескен. Бір қызығы, орталық директорының өзі де 1993 жылы "Жыл мұғалімі" атаныпты. Айтуынша, қазір мұғалімдер арасындағы бәсекелестік бұрынғыдан  әлдеқайда жоғары.

Сабыржан МӘДИЕВ, НҰР-СҰЛТАН қ. БІЛІМ БЕРУДІ ЖАҢҒЫРТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Әдістемелік жағынан көмектестік. Портфолио жағынан көмектестік. Материалдық-моральдік жағынан қолдау жасадық. Әрине, олармен бірге қуанып отырмыз бүгін.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Президент қолдауының арқасында және осы Заңның қабылдануының нәтижесінде мұғалімдердің жалақысы көбейіп,  педагогтарға көрсетілетін құрмет күшейе түсуде.Сондай-ақ бүгін Алтай Көлгінов «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы» атанған мұғалімдерді  1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталды.   


А. Данияр